— Алғашқы кезеңдердің бірі болғандықтан, барлығымыз бұл сахнаға бірінші рет шықтық. Бір-бірімізді де толық білмейміз. Ұпайымыз африкалық қатысушымен бірдей болды. Кейін көрермендердің дауыс беруі арқылы бірінші орынға шықтым. Түсірілім аяқталғаннан кейін ғана жеңіске жеткенімді толық түсіндім. Әрине, қатты қуандым, бірақ алдымызда әлі тоғыз кезең бар. Бір кезеңде жеңіске жеттім деп босаңсуға болмайды, сондықтан келесі кезеңдерге дайындықты жалғастырдым, — деді әнші Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасы эфирінде.
Рухия алғашқы кезеңге таңдаған «Бұлбұл» әнін қазақ музыкасының ең биік туындыларының бірі деп бағалап, оның вокалдық тұрғыдан күрделі екенін айтты.
— «Бұлбұл» — Латиф Хамидидің әні. Мен оны қазақ ән өнеріндегі ең биік шыңдардың бірінде тұрған шығармалардың бірі деп есептеймін. Музыкалық жағынан өте күрделі ән. Тіпті вокалдық деңгейі жоғары шығармалардың арасынан топ-3-ке енгізер едім. Алғашқы кезеңде өзімді жақсы көрсетуім, барлық вокалдық мүмкіндігімді көрсетуім керек болды. Сол себепті осы әнді таңдадым, — деді Рухия Байдүкенова.
Ал байқаудың екінші кезеңінде Рухия ел мен жер тақырыбына арналған «Қыран құстай» әнін орындайды. Бұл шығарма «Жошы» ансамблімен бірге жазылған.
Сонымен қатар халықаралық сахнада күрделі шығармаларды орындау үшін әнші дауысқа ерекше күтім қажет екенін де айтты. Әсіресе, жоғары ноталарды алу үшін дауысқа салмақ түсірмеуге тырысады.
— Жоғары нотаны алу және оны сақтап тұру үшін көп сөйлемеуге, суық сусын ішпеуге тырысамын. Жақсы ұйқы, тыныш көңіл-күй де маңызды. Көңіл-күй жақсы болса, ән де жақсы шығады, — деді Рухия Байдүкенова.
Айта кетейік, бұған дейін, Қазақстандық әнші Ақерке Амалят «Славян базарында» өткен XXXV Халықаралық эстрадалық ән орындаушылары байқауында бірінші орын алғанын жазған едік.