Бірінші лига: «Екібастұз» футбол командасы қатарынан екінші мәрте жеңіске жетті

Фото: «Екібастұз» футбол клубы

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін футболдан Қазақстан Бірінші лигасының 13-тур ойындары өтті.

«Ақтөбе-2» өз алаңында астаналық «SD Family» командасына 1:3 есебімен есе жіберсе, Павлодар облысының «Екібастұзы» алматылық «Хан тәңіріні» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Бұл – екібастұздық команданың қатарынан екінші жеңісі.

Ал алматылық AKAS өз алаңында «Тараздан» 3:1 есебімен басым түсті. 

Енді 11 шілдеде «Жетісай» (Түркістан облысы) мен «Академия Оңтүстік» (Шымкент), «Шахтер» (Қарағанды) мен «Каспий» (Ақтау), «Қайрат-2» (Алматы) мен «Түркістан», «Ертіс» (Павлодар) пен «Алтай» (Өскемен) ойнайды.

Турнир кестесінде алғашқы екі орынға ие болған командалар алдағы жылы Премьер-лигаға қатысуға тікелей жолдамаға қол жеткізеді.

Биыл «Шахтер», «Ертіс», «Каспий» командалары үздіктер қатарында болады деп болжанып отыр.

Он бір турдан кейін «Каспий», «Ертіс», «Шахтер», «Алтай» командалары алғашқы орындарды өзара бөлісіп тұр.

Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов Семейдің «Елімай» командасына ауысты.