Бірінші лига: «Каспий» командасы қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатында ақтаулық «Каспий» қатарынан үш ойында жеңіске жетті.
Үшінші турда өз алаңында ақтаулық клуб «Оңтүстік академия» командасын қабылдады.
Ойынның бірінші бөлігінде қарсыластар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Екінші таймда «Каспийдің» белсенділігі байқалды. Алдымен Жақып Қожамберді 47-минутта мергендік танытса, 63-минутта Бауыржан Байтана есепті үстемелей түсті. Ал 73-минутта Еркебұлан Нұрғалиев көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Кездесудің 83-минутында «Оңтүстік академия» командасының сапынан Санжар Әлқайдаров бір голмен жауап қатты.
Осылайша «Каспий» қарсыласын 3:1 есебімен қапы қалдырып, турнир кестесінде 9 ұпаймен көш басына шықты. Олар бұдан бұрын AKAS (3:1), «Жетісай» (1:0) командаларын жеңген еді.
Сондай-ақ бүгін «Екібастұз» (Павлодар облысы) бен «Ақтөбе-2» 3:3 есебімен тең ойнаса, «Түркістан» өз алаңында Түркістан облысының «Жетісайына» 0:1 есебімен жол берді. Тағы бір кездесуде астаналық «SD Family» алматылық AKAS клубынан 1:0 есебімен басым түсті.
Енді 25 сәуірде «Тараз» бен «Алтай» (Өскемен), «Хан тәңірі» (Алматы) мен «Шахтер» (Қарағанды), «Ертіс» (Павлодар) пен «Қайрат-2» (Алматы) ойнайды.