Екінші ойын күні, 22 тамызда ақтаулық «Каспий» елордалық «SD Family» командасын қабылдады. Кездесу барысында ақтаулық команда тізгінді толықтай өз қолына алды. Нәтижесінде қарсыласынан 10:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 47 ұпаймен бірінші орынға көтерілді.
Сондай-ақ биыл Премьер-лигаға қайта оралудан үмітті саналған қарағандылық «Шахтер» ала-құла ойынымен көзге түсіп жүр. Бұл жолы олар өз алаңында алматылық «Қайрат-2» командасымен 3:3 есебімен тең ойнады.
Ал Түркістан облысының «Жетісайы» Павлодар облысынның «Екібастұзынан» 3:1, «Тараз» бен «Хан тәңірі» 2:1 есебімен басым түседі.
Ал 21 тамызда павлодарлық «Ертіс» сырт алаңда Шымкенттің «Академия Оңтүстік» клубынан 1:0 есебімен басым түссе, алматылық AKAS өз алаңында «Ақтөбе-2» клубын 4:0 есебімен жеңді.
Ал «Алтай» (Өскемен) мен «Түркістан» арасындағы кездесу өткен жоқ. Кездесуге түркістандық клуб келмей қалған.
Қазақстан футбол федерациясының хабарлауынша, аталған матчқа қатысты шешім федерацияның бақылау-тәртіптік комитетінің алдағы отырысында қабылданады.
Турнир кестесінде алғашқы екі орынға ие болған командалар алдағы жылы Премьер-лигаға қатысуға тікелей жолдамаға қол жеткізеді.