АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің XVІ туры мәресіне жетті.
19 шілдеде Түркістан облысының «Жетісай» командасы «Ақтөбе-2» клубын 2:1 есебімен жеңді.
Түркістандық команда биыл бірінші лигаға қосылған еді. Соған қарамастан доп додасын сәтті өткізіп келеді. Қазір үздік үштікте келеді. Дсее де соңғы үш турда жеңістің кілтін таба алмай, турнир кестесіндегі жағдайын біршама қиындатып алған еді.
Сондай-ақ Түркістан облысының «Арысы» өз алаңында Шығыс Қазақстан облысының «Алтайына» 0:1 есебімен жол берді.
Айта кетсек, 17 шілдеде Оралдың «Ақжайығы» елордалық «SD Family» командасын 2:1 есебімен жеңсе, ақтаулық «Каспий» «Оқжетпеске», «Тараз» алматылық «Хан Тәңіріне» 0:1 есебімен жол берді.
Ал 18 шілдеде қызылордалық «Қайсар-2» өз алаңында «Tүркістанды», «Қайрат-2» «Ұлытауды» 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.