Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығы: Бакуде Түркі әлемі апталығы ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан астанасында Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығына арналған Түркі әлемі апталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Іс-шараға орай, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларға құттықтау хатын жолдады. Мемлекет басшысының құттықтауын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.

Бұған дейін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының XII саммитінде Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының бүгінде бауырлас елдердің ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң екенін атап өткен болатын.

Бағдарламаның алғашқы күні «Түркі әлемі – бір отбасы: ортақ мақсат жолындағы түркі ынтымақтастығы халықаралық ұйымдарының қызметі» тақырыбындағы пленарлық отырыс өтті. Сондай-ақ «І Түркология құрылтайына – 100 жыл (1926-2026)» естелік белгісін тапсыру рәсімі және тақырыптық панельдік отырыстар ұйымдастырылды.

Іс-шараға түркі мемлекеттерімен қатар, әлемнің 20 еліндегі ғылыми орталықтардан келген 80-ге жуық белгілі түрколог ғалым, сондай-ақ түркі ынтымақтастығы бағытындағы халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында Қазақстан делегациясы да болды.

Түркі әлемі апталығы 3 шілдеге дейін жалғасады.

Осыған дейін Әндіжанның Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алғаны туралы жаздық.