BRT: Енді алматылықтар жолға кететін уақытты есептей алады
«Мұстафин, Сүлейменов, Жандосов, Тимирязев көшелерін жалғап тұрған BRT желісі іске қосылғаннан бері жолаушыларды тасымалдау көлемі 40 пайызға артқан. Жақын арада бұл көрсеткіш еселенсе, адамдар, әсіресе жүргізушілер барар жеріне такси немесе өз көліктерінен гөрі қоғамдық көлікпен жету ыңғайлырақ екенін түсіне бастайды»,- деді Транспорт холдингіндегілер.
BRT желісінің ұзындығы 8 шақырымға созылып жатыр. Бұл қашықтықты қоғамдық көлік жарты сағатта еңсереді. Бұрын жолаушылар қарбалас уақыт кезінде жолға бір жарым сағат жоғалтатын.
Енді қоғамдық көлік белгіленген жолымен ғана жүріп, сол жаққа бұрылыс жасайтын көліктер оның жылдамдығына кедергі келтірмейтін болады.
«Бұл, біріншіден, қоғамдық көліктерді кесте бойынша жүруге үйретеді. Екіншіден, жолаушылар BRT аялдамасына келген бетте жолға кететін уақытын есептей алады»,-деді холдинг басшысы.
Жыл соңына қарай қала әкімдігі қосымша BRT желісін жасайды. Ол «Орбита» ықшам ауданынан шығып, Тимирязев-Желтоқсан көшелерінің қиылысына дейін бойлайды. Бұл бағытпен 18 метрлік ұзын автобустар жүретін болады.