Бруцеллезден келер қауіп-қатер қандай

Фото: Фотоны ғалым Ғ. Әбсатиров ұсынған

ОРАЛ. KAZINFORM — Бруцеллез қалай таралады? Аталмыш дерт адамға қандай жолдармен жұғады? Науқастар толық емделіп шыға ма? Бруцеллездің алдын алу үшін не істеу керек? Kazinform тілшісі осы сауалдарға жауап іздеді.

Жұқпалы дерттің таралу жолдары қандай?

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті ветеринария және биотехнология ғылыми-зерттеу институтының директоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Әбсатировтың мәлім еткеніндей, бруцеллез — Қазақстанда мал шаруашылығындағы өзекті мәселенің бірі. Және ол ел тұрғындарының денсаулығына қатер төндіреді.

Ғайса Ғарапұлының сөзіне қарағанда, Үкімет тарапынан алынған шараларға қарамастан, эпизоотиялық жағдай және бруцеллезді жою мәселесі соңғы ондаған жылдар бойы күрделі күйінде қалып отыр.

Бұл — Ауыл шаруашылығы және Денсаулық сақтау министрліктері үшін бас ауыртатын мәселе. Өйткені еліміз ауыл шаруашылығы малдары мен тұрғындардың бруцеллезбен сырқаттануы жағынан ТМД көлемінде Қырғызстаннан кейін екінші орында.

— Әлемде Дания, Исландия, Германия, Швейцария сияқты Еуропа мемлекеттері, сондай-ақ Канада, Жапония, Аустралия, Жаңа Зеландия бруцеллезден арылған елдер саналады. Ал Таяу және Орта Шығыста, Жерорта теңізі аймағында, Солтүстік Африка, Қытай, Үндістан, Перу, Мексикада ауру жоғары деңгейде қалып отыр. Ғалымдар мен дәрігерлердің бруцеллез мәселесіне алаңдаушылығы бәсеңдеген жоқ, өйткені аталмыш жұқпадан сауықтыру және оның алдын алу шешілмей келеді, — дейді профессор.

Оның айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 30 мыңнан астам ірі қара мал бруцеллезге шығып, лажсыздан сойылады. 500-ден астам адам ауру жұқтырып, оны тиімді емдеу тәсілі болмағандықтан, мұның арты мүгедектікке соқтырады.

Фотоны ғалым Ғ. Әбсатиров ұсынған

Франциялық бактериолог, Нобель сыйлығының лауреаты Шарль Никольдің 1928 жылы «Бруцеллез — адамға бақытсыздық, дәрігерлерге абыройсыздық әкелетін сырқат» дегені әлі маңызын жойған жоқ. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық дерлік өңірінде адамдардың бруцеллезбен ауруы тіркеледі.

— Дерт ауру малдан және оның өнімдерін тұтынудан жұғады. Әсіресе, ауру жұқтыру қаупі қысқы-көктемгі кезеңде күшейеді. Мал тастаған түсікті және оның шуын иттер мен жабайы құстар жеп, инфекцияны таратады. Былайша айтқанда, адамға бруцеллез малдан да, иттен де жұғады, — дейді Ғ.Әбсатиров.

Ғалым мал иелері мен ветеринар мамандар арасында түсіністіктің жоқтығына назар аударады.

Мұның себебі — тұрғындар ветеринарлар ет жоспарын орындау үшін малды әдейі бруцеллезге шығарды деп есептейді. Бірақ бұл мүмкін емес.

Өйткені қан қатаң түрде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру нөміріне сәйкес алынады, яғни мал иелерінің аты-жөні көрсетілмейді.Дерттің таралуына көп жағдайда мал иелері кінәлі.

Біріншіден, «Ветеринария турал» заң талаптарына сәйкес өз міндеттерін орындамайды. Дәлірек айтқанда, жаңадан сатып алынған мал, туған төл, олардың сатылғаны мен сойылғаны, бірнешеуінің кенеттен өлгені жөнінде хабарламайды.

Екіншіден, өз малдарын ауылдық округтің ветеринарлық қызметінде дер кезінде есепке қоймайды. Есепте жоқ мал көп, сондықтан бұл ауруды уақытылы анықтауды қиындатады.

Үшіншіден, мал иелері бруцеллездің алғашқы белгілері — түсікті, шудың кешеуілдеуін жасырады. Зертханаға тапсырудың орнына далаға тастайды, одан әрі иттер таратады. Ауру малды да өздерінде қалдыруға тырысады.

— Бруцеллезбен күресуге болады. Бірақ бізде аталмыш дертпен күрес және оның алдын алу бойынша стратегия жоқ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 587 және 2019 жылғы 23 мамырдағы бұйрығымен бекітілген бруцеллезбен күрес және оның алдын алу қағидалары қазіргі таңда түбегейлі түрде қайта қарауды қажет етеді. Ғылыми қызметкерлер мен ветеринария мамандарының көптеген ұсыныстары өкілетті органдар тарапынан әзірге ескерусіз қалып отыр, — деді Ғайса Әбсатиров.

Фотоны ғалым Ғ. Әбсатиров ұсынған

Ауру мал үшін өтемақы қалай төленеді?

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы міндетін атқарушы Нұрлыбек Мұстаев берген мәліметке қарағанда, биыл облыс бойынша бруцеллезге 812 120 бас ірі қара мен 1 млн 365,7 мың ұсақ мал, 1 049 түйе, 376 шошқа, 1 420 бас етқоректілерді зерттеу жоспарланған болатын. 

Жылдық жоспарға сай бруцеллезге 812 мың бас ірі қара (100 пайыз) диагностикалық зерттеуден өткізіліп, соның 5 724-і оң нәтиже көрсетті, облыс бойынша зақымдануы — 0,7 пайыз.Ұсақ мал да түгел зерттеліп, соның 1 615 басы (0,1 пайыз) ауру болып шықты.

Басқарма деректері бойынша 2024 жылы эпизоотияға қарсы ветеринариялық іс-шаралар да атқарылды.

Атап айтқанда, 15 аса қауіпті ауру (құтыру, аусыл, пастереллез, сібір жарасы, түйе обасы, қарасан, нодулярлы дерматит, құс тұмауы, эхинококкоз, туберкулез, инфекциялық ринотрахеит, брадзот, жылқы маңқасы, ұсақ малдағы күл, лептоспироз) бойынша вакцинациялау көлемі 10,1 млн басты қамтып, олар егілді.

Ветеринариялық-санитариялық қағидалардың талабы бойынша бруцеллезге оң әсер берген қой мен ешкіні санитариялық союдан алынған ет пісірілген шұжықтарға немесе консервілерге қайта өңделеді. Мал иесіне жергілікті бюджет есебінен ет өнімінің әр килограмына орташа айлық нарықтық құнының 30 пайызы мөлшерінде өтемақы төленеді.

Бруцеллезге оң әсер берген ірі қара мал мен шошқаның, түйенің, жылқының еті ұшасы мен ағзаларында патологиялық өзгерістер болмаған кезде ет 12 сағат мұздатқышта тұрғаннан кейін шектеусіз шығарыла береді, мал иесіне өтемақы төленбейді.

Ал ұша мен мүшелерінде патологоанатомиялық өзгерістер анықталған жағдайда, ет шұжық және консерві өнімдеріне жіберіледі және өтемақы төленуге жатады.

— Бруцеллезге шалдыққан 764 бас қой-ешкі малдарының ет өнімдері үшін 10 млн 263,8 мың теңге өтемақы төленді. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша қалалық және аудандық ветеринариялық станциялар мен ауылдық округтердегі ветеринариялық пункттерде 620 мал дәрігер мамандары жұмыс істейді. 26 жұмыс орны бос тұр, — деп хабарлады БҚО ветеринария басқармасы.

Бруцеллез бедеулікке соқтыра ма? БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен түскен мәліметке қарағанда, биылғы 11 айда облыс бойынша 31 адам бруцеллезбен ауырған, бұл өткен жылғыдан 9 дерекке кем.

Соның ішінде екеуі — 14 жасқа дейінгілер. Өткен жылдың осы кезеңінде балалардың сырқаттанғаны тіркелмеген еді. 

Олардың барлығы да ірі және ұсақ малдан жұқтырған.БҚО денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс инфекционисі Дергүл Ағаділованың нақтылауынша, бруцеллезден емдеу мүмкіндігі бар.

Ол үшін уақытында емделіп, терапия дұрыс жүргізілуі керек. Дегенмен аурудың салдары мен асқынуы оның түріне, ұзақтығына және зақымдалған дене мүшелеріне байланысты болады.

Бруцеллезден емдеу жолдары:

— Антибиотикотерапия: ауру қоздырғышын жоюға бағытталған ем

— Қабынуға қарсы терапия: ауырсынуды және қабынуды азайту үшін

— Реабилитация: адамның денсаулығын қалпына келтіруге арналған физиотерапия және жаттығулар

— Санаторий-курорттық емдеу: иммунитетті нығайту және жалпы денсаулықты жақсарту үшін.

Инфекционист-дәрігердің түсіндіруінше, сәтті емделгеніне қарамастан, кейбір пациенттерде созылмалы өзгерістер байқалуы мүмкін.

Ең жиі кездесетін салдар:

1. Созылмалы бруцеллез: Ауру созылмалы түрге өтіп, үнемі қайталануы мүмкін.

2. Буындардың зақымдалуы:

Артрит, артралгия, буындардың анкилозы.

Ауыр жағдайларда буындардың деформациясы.

3. Жүйке жүйесінің зақымдалуы:

Невриттер, радикулит.

Созылмалы шаршағыштық, депрессия, ұйқының бұзылуы.

4. Ішкі органдардың зақымдалуы: 

Бауыр: гепатит, фиброз.

Жүрек: эндокардит.

Көкбауыр: спленомегалия.

5. Бедеулік: Ерлер мен әйелдерде бедеулікке байланысты мәселелер туындауы мүмкін (әсіресе, ауру ауыр өткен жағдайда).

Бруцеллездің алдын алу үшін жануарларды вакцинациядан өткізу, сүтті пастерлеу және етті термиялық өңдеу маңызды. 

Жеке гигиенаны сақтап, әсіресе, инфекцияланған жануарлармен байланыста қолғап, маска сияқты қорғаныс құралдарын пайдалану керек.

— Бруцеллез дерті жастарды бедеулікке соқтыруы мүмкін, бірақ бұл ауыр жағдайларда және емделмеген инфекция ұзаққа созылған кезде ұшырасады. Ер адамдарда орхит (аталық бездің қабынуы) және эпидидимит (шап каналының қабынуы) сияқты асқынулар байқалуы мүмкін. Бұл аталық бездің қызметін бұзып, сперматозоид өндірісін төмендетуі ықтимал. Әйелдердер бруцеллез жатыр мен аналық безге әсер етіп, жүктілікке дайындық процесін қиындата алады. Кейде жатыр ішілік инфекцияға немесе түсік тастауға себеп болуы мүмкін. Жастардағы бедеуліктің алдын алу үшін ауруды ерте анықтап, антибиотиктермен толық емдеу қажет. Қайталама инфекцияның алдын алып, иммунитетті күшейту және жалпы денсаулықты сақтау маңызды. Бруцеллез уақытылы және дұрыс емделсе, бедеулік қаупі айтарлықтай төмендейді, — деді Дергүл Ағаділова.

Міне, бруцеллезге байланысты мамандардың пікірлері мен тиісті мекемелердің деректерін келтірдік. Бұдан мал мен иттен қатар жұғатын дерттің адам денсаулығына да қауіп-қатер төндіретінін анық түсінуге болады.

Аталмыш дерттен толық арылу үшін елімізде жоспарлы жұмыстарды талапқа сай жүргізудің маңызы зор екендігі түсінікті болса керек.