Брюссель әуежайы лаңкестіктен кейін екі аптаға жуық уақыттан соң жұмысын ішінара қалпына келтіреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Брюссель әуежайы жексенбі күні ішінара ашылады, деп мәлімдеді әуежайды басқарушы компания директоры Арно Фейст әуе айлағының жұмысын қалпына келтіру мәселесі бойынша өткен баспасөз мәслихатында, деп хабарлады РИА Новости.

«Жексенбі күні Брюссель әуежайы ішінара жұмыс жасайды», - деп мәлімдеді Фейст. Бұл күні үш ұшырылым жүзеге асырылады: португалиялық Фару қаласына, итальяндық Туринге және Грекия астанасы - Афиныға ұшырылады. Сонымен қатар ол әуежай ағымдағы жылғы маусымның соңында немесе шілденің басында өз жұмысын толық қалпына келтіретінін атап өтті. Аэровокзалда қосымша қауіпсіздік шаралары енгізіледі.

Еске сала кетейік, 22 наурызда таңертең Брюссель халықаралық  әуежайында екі жарылыс болған еді. Үшінші жарылыс кейінірек метроның «Мальбек» стансасы вагонында болды. Лаңкестік акті салдарынан 32 адам қазаға ұшырады, тағы 340 адам әртүрлі дәрежеде жараланды.   Лаңкестік шабуылына жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» содырлары өз мойнына алды.