Брюссельде қазақ мемлекетінің көне карталарының көрмесі ашылды

БРЮССЕЛЬ.ҚазАқпарат - Сәрсенбі күні Еуропарламентте «Тарихи карталар Еуропаның Орталық Азия және әлемнің басқа елдерімен қарым-қатынасын бейнелейді» атты көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: gov.kz

Іс-шара Қазақстан мен ЕО арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын мерекелеу аясында Еуропарламенттің Орталық Азия елдерімен байланыс жөніндегі делегациясының мүшесі, Еуропарламент депутаты Андрис Америкстің қолдауымен ұйымдастырылды.

Еуропа астанасында XVI-XIX ғасырларда жасалған және бастапқыда қазіргі Бельгия, Нидерланды, Франция, Германия, Ұлыбритания аумағында басылған карталар ұсынылды.


Осындай 1,5 мыңға жуық картаны қазақстандық ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі қазіргі заманғы зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров жинаған және олар оның Брюссельде баслып шыққан «Қазақстанның тарих толқынындағы үздіксіз мемлекеттілігі: XVI–XIX ғасырлардағы Еуропа және Америка карталарындағы қазақ мемлекеті» атты кітабында жарияланған. Көрменің ашылуына зерттеу авторының өзі де қатысты.

М.Сыдықназаровтың кітабын шығару орны осы дәуірдегі бельгиялық картографтардың Орталық Азия және әлемнің басқа аймақтары туралы географиялық ақпаратты Еуропада таратудағы ерекше рөліне байланысты таңдалды.


ҚР Бельгиядағы елшісі Марғұлан Баймұханов Қазақстан елшілігі бұл бастаманы қолдайтынын, өйткені ол бүгінгі таңда Тәуелсіз Қазақстан мен ЕО арасындағы берік әріптестіктің тарихи негіздерін көрсететін маңызды зерттеуге негізделгенін атап өтті.

«Бұл зерттеу бүгінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында дамып келе жатқан ынтымақтастық пен серіктестік қатынастарының маңызды тарихи негізін ашады», - деді қазақстандық дипломат.

Көрмеге алғашқы келушілер, оның ішінде еуропалық және бельгиялық парламенттердің депутаттары мен қызметкерлері, жалпы еуропалық институттардың, дипломатиялық корпустың, ғылыми-зерттеу орталықтары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері көрменің Еуропа халықтары мен қазақтар арасындағы алғашқы байланыстарды көрсететін құнды тарихи мәліметтер мен материалдардың одан әрі таралуына ықпал ететін маңызды оқиға екенін атап өтті.


Көрменің ашылу салтанатына Еуропарламент депутаттары, Еуропалық комиссия, Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі, дипломатиялық корпус мүшелері, журналистер, сарапшылар және басқа да қонақтар қатысты.

Еуропарламент депутаты Карстен Лукке ҚазАқпарат тілшісіне мәдениет пен тарихты білу Еуроодақ пен Қазақстан азаматтарына бүгінгі таңда дұрыс саясат құруға көмектесетінін айтты.


«Бір-біріміз туралы, әсіресе жастарымыз туралы білімімізді үнемі тереңдетіп отыру маңызды. Еуропалықтар үшін Қазақстан мен Орталық Азияның ашылуы, сондай-ақ Еуропадағы Орталық Азия мен Қазақстанды бұрын қалай қабылдағанымыздың тарихы қызықты. Мен Қазақстан мен ЕО-ны дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығымен құттықтаймын және елдеріміздің одан әрі табысты дамуын тілеймін», - деді көрменің ашылуында Еуропалық парламент мүшесі К.Лукке.

Экспозиция Еуропарламент мүшелері мен келушілері үшін Брюссельдегі басты ғимаратында аптаның соңына дейін ашық.