Брюссельде Қазақстанның қатысуымен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы мен Еуропалық Одақ «үштігінің» министрлер деңгейіндегі бірлескен отырысы өтті

БРЮССЕЛЬ. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Ержан Оспанов/ - Қазақстанның Сыртқы істер министрі Марат Тәжин сейсенбі күні Брюссельде Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының және Еуропалық Одақ «үштігінің» министрлер деңгейіндегі бірлескен отырысына қатысты.

Мұндай форматтағы басқосу екі ұйымның дәстүрлі тәжірибесі және ЕҚЫҰ-ға төраға ел ауысқан сайын, жылына екі рет өткізіліп отырады. Бірақ бұл жолғы басқосудың айырмашылығы сол, оған ЕҚЫҰ-ның болашақ төрағасы ретінде Қазақстанның қатысуы болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мәжіліс аяқталғаннан кейін журналистерге сұхбат берген Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің басшысы мұндай басқосулардың әрқашан мазмұнды екенін және бұл жолы да солай болғанын атап көрсетті. «Түбегейлі маңызды мәселелер - Оңтүстік Кавказдағы, Батыс Балқандағы қақтығысты мәселелерді шешу, сондай-ақ еуропалық қауіпсіздік бойынша келешектегі мәселелер қаралды», деп атап көрсетті М.Тәжин. Бірінші жағдайға тоқталған М.Тәжин, бұл мәселенің оңай емес екенін айта келіп, «Қазақстан мәмілеге қол жеткізуді және мүдделі барлық тараптардың қатысуымен Женева келіссөздерін жалғастыруды мақсат еткен өз ұстанымын жеткізді», деп атап көрсетті. Мәжіліс барысында Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы мен Еуропалық Одақты қызықтыратын халықаралық деңгейдегі басқа да ауқымды мәселелер талқыланды.