Брюссельде ҚР Тәуелсіздігі күніне орай қабылдау өтті

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Бельгиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі сәрсенбіде ҚР Тәуелсіздігі күніне орай салтанатты қабылдау өткізді.

Шараға Еуропалық парламент депутаттары, Еуропалық комиссия, НАТО қызметкерлері, дипломатиялық миссия басшылары, Бельгия мен Люксембург іскерлік және қоғамдық орта өкілдері, қазақ диаспорасы, мәдениет қайраткерлері мен журналистер қатысты.

Қонақтар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму серпіні мен тиімділігін, ҚР сыртқы саяси бастамаларының өзектілігі мен практикалық бағыттылығын атап өтті, ортаазиялық өңірдегі елдің ерекше рөліне тоқталды.

«Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын, шын жүрегімнен бай да үлкен елдің гүлдене беруін тілеймін», - деп атап өтті Еуропарламенттің Орталық Азия бойынша делегациясының басшысы Ивета Григуле.

Өз тарапынан Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Орталық Азия басқармасының басшысы Тойво Клаар Еуроодақ пен Қазақстан республиканың тәуелсіздік алған күнінен бастап әріптес екенін және оны тереңдету бағытында ұдайы бірлескен диалог жүргізіп келе жатқанын айтты. «Біз әріптестік және ынтымақтастық туралы кеңейтілген Келісімге қол қоюға ниеттіміз. Бұл өңірдегі осындай алғашқы құжат, өз кезегінде біздің әріптестіктің маңыздылығын білдіреді, - деді ол.

Қабылдау соңында қонақтарға естелік кәдесыйлар, Президенттің ағылшын тіліндегі Жолдауы, алдағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне арналған материалдар таратылды.