Брюссельде «Мальбек» метро стансасы қайта ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Брюссельде болған терактіден кейін «Мальбек» метро стансасы жолаушылар үшін қайта ашылды, деп хабарлады www.24.kz.

Қазір қалалық метроның барлық жүйесі түгел жұмыс істеп тұр. Бірақ бекеттердегі қауіпсіздік шаралары бұрынғыға қарағанда барынша күшейтілген. Жолаушылардың жүктері қатаң тексеріліп, кіреберісте сарбаздар кезекшілік етіп тұр.

Айта кетейік, Брюссель метросы мен әуежайдағы жарылыстар 22 наурызда болған еді. Лаңкестік әрекеттерден 30-дан астам адам қаза тауып, жүздегені жарақат алды.

«Әрине, стансаға айтарлықтай зақым келді, бірақ қатты қираған жоқ. Сондықтан жөндеу жұмыстары шағындап қана жүргізілді. Әлі біраз жұмыс бар, бірақ ол метро қозғалысына кедергі келтірмейді», - дейді Брюссель метросының баспасөз хатшысы Ан Ван Хамме.