Бұл туралы Брюссельдегі №119-шы сайлау учаскесі учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы, Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің кеңесші-елшісі Ержан Қыстафин мәлім етті.
Дипломаттың айтуынша, сайлаушылар үлкен белсенділік танытуда. «Тіркелген 250 сайлаушының 20 пайызы, яғни 50 адам, алғашқы үш сағаттың ішінде дауыс берді», - дейді дипломат.
Е.Қыстафиннің айтуынша, Брюссельде сондай-ақ өмірлерінде алғаш рет дауыс беріп отырған сайлаушыларға сыйлықтар жасалуда.
Сайлауда алғаш рет дауыс берген отандасымыз Юлия Карташова: «Мен 18 жастамын және бүгін алғаш рет дауыс беруге келдім. Мен толқып тұрмын. Бельгияда тұрып жатқаныма 11 жыл болды, бірақ Қазақстан азаматымын және мен өз сайлау құқығымды жүзеге асыруым керек деп санаймын. Бұл мен үшін маңызды. Барша қазақстандықтарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырамын», - деді.
ҚазАқпарат бұған дейін хабарлағандай, Брюссельдегі сайлау учаскесі Бельгия, Нидерланды және Люксембург елдерінде тұрып жатқан немесе уақытша жүрген қазақстандық сайлаушыларды қабылдауда. Олардың қатарында - қазақстандық дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері, еуропалық институттарға тіркелген журналистер, зиялы қауым, бизнес өкілдері және студент жастар бар.