Шара бейсенбі күні кешке ЕО мүше-мемлекеттері басшыларының бейресми қонағасымен басталады, онда ЕО Кеңесінің төрағасы Херман Ван Ромпейдің Еурокомиссия төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен және Еуротоп төрағасы Жан-Клод Юнкермен ынтымақтастықта әзірлеген проблемаларды шешу жөніндегі ұсыныстары айтылған баяндамасы тыңдалдаы.
ЕО мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары қаржы нарықтарындағы соңғы оқиғаларды, экономикалық және қаржылық дағдарыстың беталысын талқылап, еуро аймағындағы экономикалық жақындасуға және қаржы тәртібін күшейтуге, экономикалық өсімді нығайтуға бағытталған шараларды талқылайды, соның ішінде ЕО-ның негізгі келісімі болып табылатын Лиссабон шартын шектеулі түрде өзгерту мүмкіндіктерін зерделейді.
«Талқылау әзірленген баяндама негізінде жүргізіледі, онда неғұрлым қуатты экономикалық одақ құру бағытындағы ықтимал қадамдар мазмұндалған», - деді саммит қарсаңында Х.Ромпей.
Жұма күні, 9 желтоқсанда саммит одан әрі жалғастырылып, Хорватияның Еуроодаққа қосылуы туралы шартқа ресми қол қойылмақ, ол 2013 жылдың шілдесінен бастап, біртұтас еуропалық құрылымның толық құқықты мүшесі болмақ.
Бұдан кейін мемлекеттер басшылары борыштық дағдарыс мәселелерін шешу жолдарын одан әрі талқылауға көшеді.
«Кездесу барысында сондай-ақ Руманияның және Болгарияның Шенген аймағына кіруі мәселелері талқылануы жоспарлануда, сондай-ақ ирандық проблема бойынша пікір алысылмақ», - деді Х.Ромпей.