Брюссельде теракті жасаған жанкештілердің суреті жарияланды

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Брюссель әуежайында лаңкестік жасады делінген күдіктілердің суреті жарияланды. Олар әуежайдың бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Бельгияның RTBF теле-радио компаниясының хабарлауынша, суреттегі қара киінген екеу - жанкештілер. Олар әуежайдың ұшу залында өздерін жарып жіберген.

Ақ киімдегісін қазір полиция іздеп жатыр, ол аман қалып ізін жасырып үлгерген.

Федеральдық прокурор БАҚ-та жарияланған суреттің телнұсқа екендігін растады, ондағылар терактіні жасағандар деп отыр.

Еске сала кетсек, Сейсенбі күні таңертең Брюссельдің «Завентем» әуежайында екі жарылыс болды. Бұдан бір сағаттан кейін қала орталығындағы «Маэльбек» метро стансасындағы вагонда тағы бір жарылыс жасалды.

Соңғы мәліметтерге сенсек, лаңкестік әрекеттер салдарынан 34 адам қаза тауып, 200-ге жуық адам жарақат алған болатын. Ел билігі алдағы үш тәулікті аза тұту күні деп жариялады.