Брюссельде ТРАСЕКА-ның бірінші инвестициялық форумы және сегізінші жыл сайынғы үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) отырысы болls

АСТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат - 2010 жылғы қазанның 11-13-і аралығында Брюссель қаласында (Бельгия Корольдігі) ТРАСЕКА-ның бірінші инвестициялық форумы және ТРАСЕКА-ның сегізінші жыл сайынғы Үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) отырысы болып өтті. Оған Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрлігінің өкілі қатысып қайтты, деп хабарлайды ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

ТРАСЕКА-ның бірінші инвестициялық форумы ТРАСЕКА дәлізіне қарасты көлік жобаларын субсидиялауды іске асыратын түрлі Халықаралық Қаржы Институттарының (ХҚИ) басын қосты.

Инвестициялық форум аясында ТРАСЕКА-ға қатысушы елдердің Еурокомиссиямен сәйкестендірілген бірқатар инфрақұрылымдық жобалары таныстырылды. Олардың ішінде Қазақстанның 3 жобасы таныстырылды, олар: ТРАСЕКА-ның құрамдас бөлігі және Еуропа мен Азия арасындағы дәліздің дамуында басты рөл атқаратын Жезқазған - Бейнеу теміржол желісінің құрылысы, Ақтоғай - Достық және Мойынты - Ақтоғай теміржол учаскесін электрлендіру жобалары.

Форумға қатысқан елдердің өкілдері ортақ мүдделерді нығайтуға бағытталған бірлескен жұмыста өздерінің басым назарындағы нысандарды қаржыландыруда әртүрлі Халықаралық Қаржы институттарының (ХҚИ) маңызы зор екендігін атап өтті.

ХҚИ жобаларды қаржыландырудың жаңа жолдарының қажеттілігін атап өтті. Ең басты назарды инвестициялық жобаларға аудару маңызды. Өйткені олар экономикалық инфрақұрылымдарды модернизациялауға септеседі және олардың өзара қосылуына және Қаржылық Даму Институттар құруына әкелетін Еуроодақтың экономикасына кірігуді қолдайды.

ХҚИ мен елдер ТРАСЕКА-ның келешектегі дәлізі үшін бірлесе жұмыс атқаруға келісті.

Инвестфорумның барысында ТРАСЕКА өңірінің көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша бірқатар банктер мен мүльтимодальдік операторлардың өкілдерімен кездесулер өткізілді (Дүниежүзілік банк, Еуропаның даму және қайта құрылымдау банкі, Чехияның экспорттық банкі, Polzag Gmbh Интермодальдік операторы). Атап айтқанда, Дүниежүзілік Банктің Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка өңірінің тұрақты дамуы Бөлімінің жетекші көлік маманы Olivier Le Ber мырза қазақстандық инфрақұрылымдық жобаларға қызығушылық танытып отырғандығын және инвестициялық жобаларға қатысу шарттарын тереңірек зерттеу үшін таяу арада Қазақстанға бару ниеті бар екендігін айтты.

ҮАК -ның 8-ші отырысы барысында күн тәртібіне сәйкес ТРАСЕКА-ның ҮАК-ның Тұрақты Хатшылығын (ТХ) қаржыландыру, Тараптардың халықаралық «Еуропа-Кавказ-Азия» көлік дәлізінің 2015 жылға дейінгі ТРАСЕКА-ның ҮАК-ның Стратегиясын іске асырудың 2008-2009 жылдарға арналған Іс-қимыл жоспарын іске асыру жөніндегі ТРАСЕКА-ның Негізгі көпжақты келісімін орындау барысы қаралды. ҮАК Жоспардың орындалысы жөніндегі есепті қабылдап, Стратегияны іске асырудың 2010-2012 жылдарға арналған Іс-қимыл жоспарын бекітті.

ТРАСЕКА-ның Іс-қимыл жоспарын іске асыру бағдарламасын қолдау аясында ТРАСЕКА іске асырылып жатқан жобаларының ағымдағы статусы қаралды.

ТРАСЕКА-ның ҮАК-ның Тұрақты Хатшылығын қайта құрылымдау мәселесі бойынша ТХ-ты қайта құрылымдау мен ТХ жөніндегі Ережесіне өзгерістер енгізу жөнінде Концепция қабылданды.ҮАК ТРАСЕКА-ның бәсекелестікке қабілетін арттыру мақсатында «Ағымдағы талдау және дәліздің бәсекелестікке қабілетін арттыру үшін ТРАСЕКА-ның ҮАК-ның ТХ-на ұсынылатын шаралар кешені» атты құжат бекітілді.

Сонымен бірге ҮАК Еуропа-Кавказ-Азия көлік дәлізімен халықаралық автомобиль тасымалдауды дамытудың, ТРАСЕКА-ның автомобиль маршруттарының бәсекелестікке қабілеттігінің Концепциясын бекітті және Тараптарға оларды жұмыста қолдануды ұсынды.

ТРАСЕКА-ның Деректер базасын және көлік моделін жасау аясында «Өңірлік көлік диалогы және Еуроодақ елдері, көрші елдер мен Орталық Азия елдері арасындағы жүйесінің өзара іс-қимылы» жобасы бойынша жұмысының ағымдағы қорытындыларының тұсаукесері өткізілді.

ТРАСЕКА-ның 8-інші ҮАК-ның аясында ТРАСКА-ның ҮАК-ның ТХ-ның жаңадан Бас хатшысын сайлау маңызды оқиғаға айналды. ҮАК-ның шешімімен Молдова мен Румынияның ТРАСЕКА ҮАК-ына төрағалық ету кезеңіне Молдованың азаматы Эдуард Бюриков бірауыздан сайланды. Румынияның ұсынысы бойынша ТРАСЕКА-ның ҮАК-ның Тоғызыншы жыл сайынғы отырысы 2011 жылғы қыркүйек айында Бухарест қаласында өткізілетін болды.