Брюссельде үш полицейді жарақаттаған террористің көзі жойылды

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Брюссельде үш полицейді жарақаттаған лаңкестің көзі жойылды. Бұл туралы Бельгияның RTBF телерадиокомпаниясы хабарлады.

Хабарламада федералдық прокурор қылмыскердің өлтірілгенін нақтылағаны туралы айтылады.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Брюссельде Форе коммунасында Париждегі лаңкестік оқиғаға байланысты операция кезінде атыс болып, үш полицей жараланды. Екі полицей тінту жүргізуге келгенде жараланған. Қосымша күш шақыртылғаннан кейін тағы да атыс болып, үшінші полицейге оқ тиген.

Полицейлерге оқ атқандардың бірі қашып кеткен. Ал екіншісі үйге бекініп алған.

Әзірге олардың Париждегі лаңкестік оқиғаға қалай қатысы бары беймәлім, алайда тергеушілер Брюссель қылмысты үйлестіру орталығы болғанына сенімді.

Толық мәліметті федералдық прокурор сәрсенбі күні арнайы баспасөз мәслихаты кезінде таратады.