Брюссельде жүздеген адам ING Group банкінің қысқартуларына қарсы шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ING Group банкінің Брюссельдегі штаб-пәтері алдында жүздеген адам ереуілдетіп жатыр. Олар банк басшылығының 7 мың жұмысшыны қысқарту туралы жоспарына қарсы. Өйткені сол шешімнің күшімен 3 жарым мыңдай бельгиялық азамат жұмыссыз қалайын деп отыр, деп жазады «Хабар 24».

Ал қаржы орталығының өкілдері бұл қадам Испания, Италия, Франция, Австрия және Чехиядағы бөлімшелерінің сандық платформасын дамыту үшін жасалғанын айтады.

Қысқартулар 52 мың маманы бар компанияның 12% қызметкеріне қатысты. Мыңға жуық адам қаржы орталығының өзінен емес, ортадағы мердігер фирмалардан алынады. Дегенмен, ең көп қысқарту Белгиядағы бөлімшеде жүргізілмек. Елдегі кәсіподақ қызметі басшысының айтуынша, банк басшылығы қызметкерлердің мүддесін емес, бас пайдасын ойлап отыр.

«Қысқартулар барлық салада жүргізілмек. 3500 адам жұмыссыз қалады және мұны сандық платформа орнату мақсатында деп ақталады. Менің ойымша, мәселе басқада. Банк өз бағытын өзгертіп, салымшыларға түсетін қаржыны көбейтуді көздеп отырған сыңайлы», - дейді Социалистер кәсіподағының бас хатшысы Жан-Мишель Каппоен.