Брюссель конференциясы кезінде донорлар Сирия үшін 5,6 миллиард еуро жинады

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Еуропа астанасында «Сирия мен аймақтың болашағын қолдау» атты жетінші Брюссель конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық донорлардың екі күндік конференциясының нәтижесінде Сирия халқына 5,6 миллиард еуро бөлу туралы келісімдерге қол жеткізілді, оның 4,6 миллиардын биыл, 1 миллиардын 2024 жылы бөлу жоспарланды.
Жарияланған қаржы Сириядағы және сириялық босқындарды қабылдайтын көршілес елдердегі адамдарды қолдауға бағытталады.
ЕО сондай-ақ 3,8 миллиард еуро, оның ішінде 2,1 миллиард еуро Еуропалық комиссиядан және 1,7 миллиард еуро Еуроодаққа мүше елдерден грант ретінде беруге уәде етті.
Еурокомиссия 2011 жылы дағдарыс басталғалы бері ЕО мен оған мүше елдер Сирия мен аймақтағы сириялықтарды қолдау үшін 30 миллиард еуродан астам қаражат жұмылдырғанын хабарлады. Сонымен қатар, халықаралық қаржы институттары мен донорлар 4 миллиард еуро көлеміндегі несиелерді жариялап, гранттар мен несиелердің жалпы көлемін 9,6 миллиард еуроға жеткізді.
2017 жылдан бері Сирия бойынша Брюссель конференциялары Сириядағы және көршілес елдердегі сириялықтарға, сондай-ақ аймақтағы сириялық босқындарды қабылдайтын қауымдастықтарға әсер ететін маңызды гуманитарлық және тұрақтылық мәселелеріне назар аударды.
Конференция Сирияның көршілеріне, атап айтқанда Иорданияға, Ливанға және Түркияға, сондай-ақ Мысыр мен Иракқа халықаралық қауымдастықтың саяси және қаржылық қолдауын жаңартуға бағытталған.
Бұған дейін 2023 жылдың басында ақпан айындағы жойқын жер сілкінісінен кейін Түркия мен Сирия халқына қолдау көрсету мақсатында арнайы донорлық конференция өткен болатын.