Брюссельде екінші ЕО-Ұлыбритания саммиті өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Жұма күні Брюссельде Екінші ЕО-Ұлыбритания саммиті басталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің ЕО-дағы меншікті тілшісі.

Фото: Anadolu

Ұлыбритания премьер-министрі Энди Бернем бейсенбі күні кешке Брюссельге келді. Бүгін ол Еуропа Кеңесінің төрағасы Антониу Коштамен және Еуропа Комиссиясының төрағасы Урсула фон дер Ляйенмен кездеседі.

Екіжақты келіссөздерден кейін министрлер мен еуропалық комиссарлардың қатысуымен жалпы отырыс, сондай-ақ Еуропа Парламентінің төрағасы Роберта Мецоламен кездесу жоспарланған.

Бұл Ұлыбритания ЕО-дан шыққаннан бергі екінші саммит. Алғашқысы 2025 жылдың мамыр айында Лондонда өткен болатын, онда тараптар жаңа стратегиялық серіктестік туралы келіскен. Бұл саммит Бернемнен бұрынғы премьер-министр Кир Стармер отставкаға кеткен соң кейінге қалдырылған осы кездесуде Brexit референдумынан кейін араға он жыл салып жақындасу жолындағы практикалық қадамдарды нығайтуға бағытталған.

Келіссөздердің күн тәртібіне ауыл шаруашылығы және азық-түлік саласындағы ережелер (шекарадағы тексерістерді азайту, азық-түлік және мал шаруашылығы өнімдерін сертификаттау) бойынша келісімдер, шығарындылар сауда жүйелерін үйлестіру және жастардың мобильділігі мүмкіндіктерін зерттеу кіреді. Тараптар қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты, заңсыз иммиграция мен қылмыспен күресті, сондай-ақ энергетика және климат мәселелерін де талқылайды.

2026 жылдың шілдесінде премьер-министр болған Энди Бернем бұған дейін «келіссөздер барысындағы Brexit келісімі экономикаға зиян келтірді» және «Ұлыбритания бұдан да көбірек игілікке қол жеткізе алады» деп мәлімдеген. Оның бағалауынша, саммит аясындағы келісімдер британ экономикасына шамамен 0,4% қоса алады, ал ол үшін фермерлер мен азық-түлік өнеркәсібі үшін бюрократияны азайту және супермаркет бағаларына қысымды азайту қажет. Ұлыбритания үкіметі ауыл шаруашылығы және азық-түлік келісімінен жылына 5,1 миллиард фунт стерлингке дейін пайда түседі деп үміт артып отыр.

Урсула фон дер Ляйен өз кезегінде жастарға көбірек жағдай жасау, ауылшаруашылық өнімдерін сатуды жеңілдету және экономикалық қауіпсіздікті нығайту үшін «амбициялар мен нақты нәтижелер саммитін» күтетінін мәлімдеді.

Саммиттен кейін бірлескен декларация жариялануға тиіс.

Бұған дейін Дублинде Еуропа саяси қауымдастығы саммиті өткен еді.