Брюссельде ЕО-ның жоғары лауазымды дипломаттары ұсталды

Фото: BELGA/AFP

АСТАНА. KAZINFORM — Бельгия полициясы сейсенбі күні Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінде (ЕСІҚ), сондай-ақ Брюгге қаласындағы «Еуропа колледжі» оқу орнында ЕО қаражатының мақсатсыз пайдаланылуын тергеу аясында бірқатар нысанға тінту жүргізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Еурокомиссияның бұрынғы вице-президенті, «Еуропа колледжінің» басшысы Федерика Могерини мен Стефано Саннино, ЕСІҚ-ның бұрынғы Бас хатшысы және DG MENA дипломатиялық қызмет басқармасының қазіргі басшысы (Таяу Шығыспен байланыс үшін жауапты) ұсталғаны хабарланды.

Бүгін таңертең Бельгия бойынша рейдтер жүргізілді: полиция құжаттарды тәркіледі және сатып алу алаяқтығы, сыбайлас жемқорлық пен қылмыстық мүдделер қақтығысы күдігімен үш адамды жауап алу үшін тұтқындады.

Куәгерлердің айтуынша, сейсенбі күні таңғы сағат 7:30–да шамамен 10 азаматтық киім киген офицер Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің штаб-пәтеріне кірген.

Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі (ЕСҚҚ) — Еуропалық Одақтың сыртқы саясат агенттігі, оны 2019 жылға дейін Еуропалық Комиссияның бұрынғы вице-президенті Федерика Могерини басқарды. 2020 жылдан бастап ол болашақ ЕО шенеуніктерін оқыту орталығы саналатын Еуропа колледжінің ректоры қызметін атқарды.

Бельгиялық L’Echo газеті Могеринидің қамауда екенін хабарлады, бірақ колледж түсінік беруден бас тартты.

Еуропалық прокуратура Еуропа колледжінде дипломатиялық академия құруға арналған тендерді Еуропалық сыртқы саясат қызметі жеңіп алу кезінде «әділ бәсеке ережелері бұзылған болуы мүмкін» деген күдігі бар екенін хабарлады.

Тергеу колледжге ресми хабарлама жарияланғанға дейін тендерді іріктеу критерийлері туралы хабарланған ба, жоқ па соны тексеруге бағытталған.

Аты-жөнін атамауды қалаған Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің (ЕСҚҚ) өкілі Politico басылымына тінтулер Брюссельдегі Шуман айналма жолындағы негізгі ғимаратта емес, 62 Rue d’Arlon мекенжайындағы әкімшілік кеңсе ғимаратында жүргізілгенін айтты.

Қызметкерлерден есіктерін немесе жиһаздарын құлыптамай ғимараттан шығу сұралды.

ЕО-ның жоғары лауазымды шенеунігі Politico басылымына берген сұхбатында тінтулер Кая Каллас блоктың сыртқы саясат жөніндегі басшысы қызметіне кіріспес бұрын басталған тергеуге қатысты екенін айтты.

Еуропалық прокуратура (ЕППО) тергеу басталғанға дейін билік органдарынан дипломаттарға берілетін, оларды қудалаудан қорғайтын иммунитетті «бірнеше күдікті» үшін алып тастауды сұрағанын және бұл өтініш қанағаттандырылғанын мәлімдеді. Кеңсе өтініштердің қай органдарға жіберілгенін нақтыламады.

Бұдан бұрын Брюссельде есірткі мафиясы қоқан-лоқы жасаған прокурорға арнайы күзет қойылғаны белгілі болды.