Ұлыбритания премьер-министрі Энди Бёрнем бейсенбі күні кешке Брюссельге барды. Бүгін ол Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта және Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенмен кездеседі.
Екіжақты келіссөздерден кейін министрлер мен еурокомиссарлардың қатысуымен пленарлық отырыс, сондай-ақ Еуропарламент төрағасы Роберта Мецоламен кездесу жоспарланған.
Бұл – Ұлыбритания Еуропалық одақтан шыққаннан кейінгі екінші жоғары деңгейдегі кездесу. Алғашқы саммит 2025 жылғы мамырда Лондонда өтіп, онда тараптар жаңа стратегиялық әріптестік туралы келісімге келген болатын. Бёрнемнің алдындағы премьер-министр Кир Стармер отставкаға кеткеннен кейін кейінге қалдырылған қазіргі кездесу Brexit жөніндегі референдумнан бері он жылдан астам уақыт өткен соң екіжақты байланысты жақындастырудың нақты қадамдарын бекітуге бағытталған.
Келіссөздердің күн тәртібіне агроазық-түлік өнімдері саласындағы ережелерді реттеу туралы келісімдер, соның ішінде азық-түлік пен мал шаруашылығы өнімдеріне қатысты шекаралық тексерулер мен сертификаттар санын азайту, шығарындылар квоталарымен сауда жасау жүйелерін үйлестіру және жастардың мобильділігін арттыру мүмкіндіктерін қарастыру енгізілген.
Тараптар қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты, заңсыз көші-қон мен қылмысқа қарсы күресті, сондай-ақ энергетика және климат мәселелерін де талқылайды.
2026 жылғы шілдеде премьер-министр қызметіне кіріскен Энди Бёрнем бұған дейін Brexit туралы жасалған келісім Ұлыбритания экономикасына зиян келтіргенін және ел бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізе алатынын мәлімдеген еді.
Оның бағалауынша, келісімдер пакеті Ұлыбритания экономикасының өсіміне шамамен 0,4 пайыздық тармақ қосуы мүмкін. Бұған фермерлер мен азық-түлік өнеркәсібі үшін бюрократиялық кедергілерді азайту және супермаркеттердегі баға қысымын төмендету есебінен қол жеткізу көзделіп отыр. Ұлыбритания үкіметі агроазық-түлік саласындағы келісімнің ықтимал экономикалық тиімділігін жылына 5,1 млрд еуроға дейін бағалайды.
Өз кезегінде Урсула фон дер Ляйен саммиттен «биік мақсаттар мен нақты нәтижелер» күтетінін айтты. Оның ішінде жастар үшін кең мүмкіндіктер жасау, агроазық-түлік тауарлары саудасын жеңілдету және экономикалық қауіпсіздікті нығайту бар.
Саммит қорытындысы бойынша бірлескен декларация жарияланады деп күтіледі.
Бұған дейін Дублинде Еуропалық саяси қоғамдастық саммиті өткен болатын.