Брюссельде Қазақстан мен Бельгияның 34 жылдық достығына арналған велошеру өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Спорт күніне орай Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігі Брюссельде Қазақстан мен Бельгия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толуына арналған велошеру ұйымдастырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің ЕО-дағы меншікті тілшісі.

Фото: Арнұр Рақымбеков/Kazinform

Велошеру Бельгияның ең танымал нысандарының бірі болып есептелетін Атомиумнан басталды. Оған Қазақстанның дипломаттары, Бельгияда тұратын отандастар мен студенттер, сондай-ақ бельгиялық серіктестер мен Қазақстанның достары қатысты.

Іс-шараға құрметті қонақ ретінде Қазақстанның белгілі велошабандозы, Astana»велокомандасының бұрынғы мүшесі әрі Олимпиада ойындарының қатысушысы Андрей Кашечкин қатысты.

Іс-шараның ашылуында Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Роман Василенко екі елдің 34 жыл ішінде өзара құрмет пен сенімге негізделген берік серіктестік қалыптастырғанын атап өтті.

Елшінің айтуынша, велоспорт Қазақстан мен Бельгия арасындағы екіжақты қарым-қатынастың сипатын бейнелейтін символға айналды. Өйткені алға жылжу үшін тепе-теңдік, күш-жігер және өзара қолдау қажет.

Велошеру достық әрі еркін атмосферада өтіп, қатысушыларға Спорт күнін атап қана қоймай, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 34 жылдығын бірге атап өтуге мүмкіндік берді.

Айта кетейік, Қазақстан мен Бельгия арасындағы қарым-қатынаста жаңа маңызды кезең осы күзде күтіледі. Роман Василенконың мәліметінше, Бельгия королі Филипп Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуді жоспарлап отыр.

Еске салайық, бұған дейін Бельгия Королі Филипп Қасым-Жомарт Тоқаевқа жауап хат жолдағанын хабарлағанбыз.