Брюссельде Палестинаны қолдаған 20 мыңнан астам адам Еуропалық шеруге шықты

Сенбі күні Брюссельдің Солтүстік вокзалында Палестинаны қолдауға арналған Еуропалық шеру басталды. Оған 20 мыңнан астам адам жиналды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Фото: euronews.com

Шерушілер атысты тез арада тоқтатуды талап етіп жатыр. Сонымен қатар олар Израильді соғыс заңдарын құрметтемеді және бейбіт тұрғындарды қасақана қырып салды деп айыптады.

Брюссель полициясы демонстранттар қозғалған кезде қосымша қауіпсіздік шараларын ұйымдастырды. Сонымен қатар АҚШ пен Израиль елшіліктеріне қауіпсіздік шараларын күшейтті.

Бельгия ұлттық мейрамы – Бітімгершілік күнін атап өтті. Сондықтан шеруге азаматтық қоғамның көптеген өкілі қатысқан.

Ұйымдастырушылар Еуропалық Одақ Израиль мен Палестина арасындағы зорлық-зомбылықты тоқтатуды талап етуі керек деп санайды.

«Біз халықаралық құқықты құрметтеу қаншалықты маңызды екенін ұжымдық түрде түсіндіргіміз келеді. Сондай-ақ Палестинада халықаралық құқықтың бұзылуына Еуропаның әрекетсіздігін айыптаймыз», - деді ұйымдастырушылар.