Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінде Бельгияның жетекші жоғары оқу орындарында оқитын 50-ге жуық қазақстандық студентпен кездесу өтті. Жиында жастардың білім алу мүмкіндіктері, Қазақстан мен ЕО арасындағы білім беру ынтымақтастығы және екіжақты байланыстарды нығайту бастамалары талқыланды.
— Бүгінде шетелде білім алумен қатар, өз идеяларыңызды жүзеге асыруға жол ашатын тәжірибе жинап, кәсіби байланыс орнату маңызды. Қазақстан мен Бельгия арасындағы келесі табысты жоба сіздердің біріңіздің бастамаңыздан басталуы мүмкін, — деді Роман Василенко.
Бельгия королі Филипп пен Матильда патшайымның Қазақстанға жасаған тарихи мемлекеттік сапары екі елдің білім беру саласындағы ынтымақтастығына жаңа мүмкіндіктер ашты. Форум қорытындысында академиялық алмасу, ғылыми зерттеулер мен бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту жөнінде 22 келісім мен меморандумға қол қойылды.
Qazaq Society студенттер қауымдастығының жаңадан сайланған президенті Назгүл Нұрғали ұйымның қызметі мен білім беру, мәдени және қоғамдық жобаларды жүзеге асыру жоспарларын таныстырды.
— Qazaq Society жастар бас қосып, бір-біріне қолдау көрсетіп қана қоймай, жаңа идеялар ұсынып, бірлескен жобаларды жүзеге асыратын әрі еуропалықтарды заманауи Қазақстанмен таныстыратын ортаға айналса дейміз, — деді Назгүл Нұрғали.
Кездесуде студенттер өз идеяларын бөлісіп, елшілікпен ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ жастарды біріктіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жаңа іс-шаралар өткізу жөнінде ұсыныстар айтты.
Аталған бастамалардың бірі – Қазақстан мен Еуропа арасындағы қарым-қатынасқа арналған студенттердің эсселері мен шығармашылық жобаларының жыл сайынғы байқауын ұйымдастыру. Оған отандық, бельгиялық және өзге шетелдік студенттер қатыса алады.
Бағдарлама аясында интерактивті викторина ұйымдастырылып, дипломаттармен бейресми кездесу өтті. Қатысушылар консулдық мәселелерді қоса алғанда, өздерін толғандырған сұрақтарды талқылады.
Кездесу Бельгия мен Люксембургтегі студенттер қауымдастығын нығайтып, елшілік қолдауымен жаңа бірлескен бастамаларды дамытуға жол ашты.
Бұған дейін Бельгия королі мен патшайымы Қазақстанға келгенін хабарлаған болатынбыз.