Брюссельдегі сарапшылар Қазақстанның жаңа саяси дәуірін талқылады

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстанның саяси және институционалдық дамуының жаңа кезеңі Брюссельде өткен Shanyraq Dialogues пікірталас алаңының кезекті отырысында талқыланды.

Фото: Арнұр Рахымбеков/Kazinform

Жиын «Қазақстанның жаңа саяси дәуірі: конституциялық реформалар іс жүзінде» тақырыбына арналды.

Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінде өткен кездесуге Бельгия Король сарайының, Еуропалық одақтың негізгі институттарының, Еуропалық инвестициялық банкінің өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, сарапшылар, бизнес және медиа саласының өкілдері қатысты.

Қатысушылар жаңа конституциялық модельді іске асырудың алғашқы нәтижелерін, саяси институттардың жаңаруын және елдің одан арғы саяси даму перспективаларын талқылады.

Пікірталасты Қазақстанның Бельгиядағы және Люксембургтегі Елшісі, Қазақстанның Еуропалық одақ пен НАТО жанындағы тұрақты өкілі Роман Василенко ашып, конституциялық өзгерістердің негізгі нәтижелерін таныстырды.

Ол Қазақстанның мемлекеттік институттарды нығайтуға, қоғамдық диалогты дамытуға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған реформаларды іс жүзінде жүзеге асырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті.

Осы орайда елші алдағы уақытта Халық кеңесін құрудың маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, бұл орган кең ауқымды қоғамдық диалог пен қоғамның түрлі топтарының ұлттық күн тәртібін қалыптастыруға қатысуы үшін қосымша алаңға айналады.

Кездесуде елдің экономикалық және технологиялық жаңғыруына да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту, инфрақұрылым мен адами капиталды жетілдіру мәселелері қозғалды.

Роман Василенко реформалардың халықаралық қырына тоқталып, Қазақстанның егемендік, диалог, бейбітшілік және өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарына бейілділігін атап өтті. Сондай-ақ халықаралық серіктестермен, соның ішінде Еуропалық одақпен өзара іс-қимылды одан әрі тереңдету перспективалары сөз болды.

Еуропалық EUalive басылымының бас редакторы Георги Готев Қазақстанға жақында болған сапары, соның ішінде Құрылтайға алғашқы сайлау кезеңіндегі сапары туралы пікір білдірді. Ол бұл сайлауды елдің саяси дамуындағы маңызды кезең деп бағалады.

Сонымен қатар Георги Готев Shanyraq Dialogues алаңын Қазақстанның Еуропалық одақпен және Бельгиямен қарқынды дамып келе жатқан қарым-қатынасын толықтыратын бейресми пікірталас алаңы ретінде жоғары бағалады.

Diplomatic World басылымының жобалық директоры Альберто Тюркстра қазіргі кезеңді Қазақстанның саяси және институционалдық дамуындағы бетбұрысты кезең деп сипаттады.

Оның пікірінше, бүгінде негізгі мәселе конституциялық реформаның мазмұнынан гөрі жаңа институттардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтініне және олардың айналасында қандай саяси мәдениет қалыптасатынына байланысты.

Сарапшы жаңа бір палаталы Құрылтайдың саяси жаңғыру мен шешім қабылдау үдерісінің тиімділігін арттырудағы рөліне ерекше тоқталды.

Оның бағалауынша, реформалар Қазақстанның мемлекеттік институттарын ел дамуының жаңа кезеңіне бейімдеуге, есептілікке, азаматтардың қатысуына және институционалдық тепе-теңдікке басымдық беруге ұмтылысты көрсетеді.

Сұрақ-жауап сессиясы барысында қатысушылар конституциялық өзгерістерді, іскерлік және инвестициялық ортаны дамытуды, сондай-ақ Еуропалық одақ пен Бельгиямен ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Жаңа конституциялық институт – Халық кеңесін қалыптастыру мәселесі де ерекше қызығушылық туғызды. Еуропалық серіктестермен өзара іс-қимыл аясында сауда-экономикалық, инвестициялық және басқа да перспективалы салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мүмкіндіктері атап өтілді.

Кездесуде жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытуға да айтарлықтай көңіл бөлінді. Қатысушылар Қазақстанның осы бағыттағы ілгерілеуін және еуропалық серіктестермен тәжірибе алмасу әлеуетін атап өтті.

Талқылау барысында «ақылды қалаларды» дамыту, Алатау қаласының жобасы және Қазақстанның халықаралық технологиялық бастамалары сөз болды. Еуропалық және бельгиялық серіктестер 1-3 қазанда Астанада өтетін AI & Digital Bridge 2026 форумына қатысуға шақырылды.

Қазақстандағы ауқымды өзгерістерді ескере отырып, ел дамуының ұзақ мерзімді перспективаларына да қызығушылық танытылды. Пікір алмасу барысында Қазақстанның Орталық Азия мен Еуропа арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды нығайтудағы рөлінің артып келе жатқаны атап өтілді.

Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық келіспеушіліктерді бейбіт жолмен реттеуге, БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарын ұстануға деген ұстанымы және жас ұрпақтың әлеуеті сөз болды.

Shanyraq Dialogues отырысы Қазақстанның ішкі күн тәртібі мен Еуропамен серіктестігіне қатысты кәсіби әрі мазмұнды пікірталас өткізу алаңы ретінде платформаның маңызын көрсетті.

Осыған дейін Еуропарламентте Қазақстанның реформалары мен ЕО-мен серіктестігі талқыланғаны туралы жаздық.