Бішкекте балаларға ине бөлшектері бар кәмпит таратқан ер адам ұсталды
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстанда белгісіз ер адам балаларға ішінде ине бөлшектері бар кәмпит таратқан, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Ленин аудандық ІІБ мәліметінше, ел астанасының «Ақ-Ордо» тұрғын үй кешенінің тұрғыны 2015 жылы туған қызы мен басқа да балалар 28 наурыз күні белгісіз азаматтан ішінде инелер бар кәмпит алғаны туралы арыз түсірген.
Тергеу қызметі аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Жедел-іздеу шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталды. Ер адам ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Оның үйін тінту кезінде кәмпиттер мен басқа да заттай дәлелдер тәркіленді.
Осыған дейін Қырғызстанда әйелдер маскасы мен паригін киіп дүкен тонаған қылмыстық топтың 9 мүшесі ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.