Бішкекте электрсамокаттардың жылдамдығы шектелмек

АСТАНА.KAZINFORM — АСТАНА. KAZINFORM - Қырғызстан астанасында самокаттардың жылдамдығын сағатына 25 шақырымнан 15 шақырымға дейін азайту ұсынылып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Тиісті қаулы жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.

Бұл шара жеке мобильділік құралдарын пайдаланушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Мұндай шектеуді енгізу қажеттігі тротуарларда, саябақтарда және қоғамдық орындарда электрсамокат мінген адамдардың жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғасының жиілеуіне байланысты туындап отыр. 

Сонымен қатар, қазіргі қалалық инфрақұрылым самокаттармен жоғары жылдамдықта жүруге толық бейімделмеген.

Құжатқа сәйкес, жеке мобильділік құралдарына жылдамдық сағатына 15 шақырымнан асуын шектейтін қосымша құрылғы орнатылуы тиіс.

Егер жылдамдық шектегішін өшіру, өзгерту, айналып өту секілді фактілер анықталса, жалға беруші Қырғыз Республикасы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Талаптарды қайталап бұзу жеке мобильділік құралдарын жалға беру нысандарын орналастыру туралы шартты бұзуға негіз болуы мүмкін.

Еске сала кетейік, 2025 жылы Бішкекте электрсамокаттарды жалға беруге тыйым салу ұсынылған болатын.

Бұған дейін елде электрсамокаттар мен гироскутерлерге арналған ережелер әзірленген еді. 2024 жылы электрлі самокаттар, скейтбордтар, гироскутерлер, сигвейлер және монодөңгелектер жүргізушілерінің жол қозғалыс ережелерін бұзғаны үшін Қырғызстанда айыппұл енгізілді.

Аударған: Камила Тайтөлеу