Бішкекте қару-жарақ жасырылған ірі қойма табылды

Фото: Бішкек қалалық ІІББ баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Бішкек қаласында құқық қорғау органдары қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасырылған қойманы анықтады.

Бішкек қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, қаладағы аяқталмаған құрылыс нысандарының бірінен Ж.Т. есімді азаматқа тиесілі қару-жарақ қоймасы табылған. Ол 1981 жылы туған, «Тоха» лақап атымен танымал, ұйымдасқан қылмыстық топ пен ИГИЛ (Қазақстанда тыйым салынған ұйым — ред.) террористік ұйымының мүшесі болған.

Тексеру барысында үш тротил шашкасы, сериялық нөмірі жоқ Макаров тапаншасы мен соған арналған оқжатар, бес қол гранатасы, әртүрлі калибрлі 500-ден астам оқ-дәрі, Р.А. атына ресімделген куәлік пен 2023 жылы көзін жойған қылмыс әлемінің серкесі Камчы Көлбаев, оның оққағары және Ж.Т. бірге түскен фотосурет табылған.

Айта кетейік, Ж.Т. 2015 жылы Бішкекте Панфилов пен Горький көшелерінің қиылысында ИГИЛ террористік ұйымына қатысы бар адамдар тобымен бірге арнайы операция кезінде көзін жойған.

Бұған дейін Камчы Көлбаевтың бауыры ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне заңсыз жер беру ісі бойынша жемқорлық фактісімен ұсталғаны хабарланған болатын.

Сондай-ақ маусым айының ортасында Бішкекте қарулы жиһадқа шақырған діни топ мүшелері қолға түсті.