Бішкекте қазақ-қырғыз зиялыларының ІХ форумы өтті

Фото: Сенат

БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстан астанасындағы Ұлттық тарих мұражайында қазақ-қырғыз зиялыларының ІХ форумы өтті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Іс-шараға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нурланбек Тургунбек уулу, Қырғыз Республикасы президентінің кеңесшісі Аслан Қойчиев, ҚР халық жазушысы Төлен Әбдік, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі манасшы Баянғали Әлімжанов, «Қазақ газеттері» ЖШС Басқарма төрағасы Дихан Қамзабекұлы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, екі елдің зиялы қауым өкілдері, қазақ диаспорасы, жастар қатысты. 

Мәулен Әшімбаев құттықтау сөзінде Қазақстан мен Қырғызстан зиялыларының алдында тұрған маңызды міндеттерге тоқталды.

— Әсіресе, екі елдің әдебиеті мен өнерін насихаттауға басымдық беру керек. Бұл жұмыс аясында белгілі ақын-жазушылардың дәрістерін ұйымдастыру орынды болар еді деп ойлаймыз. Мәдени мұралар мен әдеби шығармаларды цифрлық кеңістікте сақтау өте маңызды. Осы мақсатта біз ғылыми еңбектердің электронды нұсқаларын жасау, виртуалдық мұражайларды және т. б. жобаларды ұйымдастыруды ұсынамыз. Өз тарапымыздан аталған бастамаларды іскер асыру үшін қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев сөз соңында екі ел арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің бірнеше депутатын, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерін екі елдің достығын нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамоталарымен марапаттады.

Жогорку Кенеш төрағасы Нұрланбек Тургунбек уулы форумда мәдени дипломатия тақырыбы талқыланатынын атап өтті.

— Бұл термин сөзсіз қазіргі әлемдегі халықаралық байланыстарды нығайтудың негізгі құралы. Достық пен келісімнің іргетасы рухани татулықта, ортақ мәдени мұрада және халықтарды жақындастыратын құндылықтарда жатыр. Қырғыз-қазақ ғылыми және шығармашылық зиялыларының «Мәдени дипломатия — бауырластықты нығайту жолында» IX форумы мақсатына жететініне және екі бауырлас халық арасындағы мәдени байланыстарды жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін, — деді Қырғызстан парламентінің спикері.

Кездесу барысында екі елдің шығармашылық қауымдастығы екі ел арасындағы терең тарихи-мәдени байланыстарға негізделген қазақ-қырғыз мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтағы оң үрдісті талқылады.

Қазақстандық ғалым, филология ғылымдарының докторы Жанғара Дәдебаев өтіп жатқан екі ел зиялылары форумының жоғары маңыздылығына тоқталды.

— Бүгінгі форум алдымызға маңызды міндет қойып отыр: елдер арасындағы ынтымақтастық пен достықты одан әрі дамыту үшін бүгінде не істеу керек. Осыған байланысты біз пікір алмасып, маңызды идеялармен бөлісіп жатырмыз. Әрбір қатысушы осы форумда айтылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге өз үлесін қосады. Осының барлығы тек қазақ және қырғыз халықтары арасында емес, түркі, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің ынтымақтастық пен достығын дамытуға жаңа серпін береді деп сенеміз, — деді профессор.

Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Қаныбек Иманалиев те шараға қатысты өз ойымен бөлісті.

— Бұл шығармашылық зиялы қауымға қатысты мәселелерді талқылайтын бірегей қоғамдық алаң. Қырғызстан мен Қазақстан ежелден бауырлас халық. Бізді ортақ мәдениет пен тіл біріктіреді. ХХІ ғасырда рухани қауіпсіздік пен егемендік мәселесі тұр. Мен бұл тақырыпты маңызды деп санаймын. Бүгінде біз ұлттық бірегейлікті сақтау тақырыбы қозғалатын жасанды интеллект дәуірінде өмір сүріп келеміз. Бұл мәселелерді бір-бірімізді байытып, бірлескен күш салу арқылы шешуге болады.

Екі елдің шығармашылық интеллигенциясы ынтымақтастығының жол картасы сонау ХХ ғасырда Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Әуезов мысалында жасалған болатын. «Қазақфильм» киностудиясында Толомуш Өкеев пен Болотбек Шәмшиевтің тамаша фильмдері түсірілді. Елдер мәдениет пен өнер саласында ынтымақтасып отыр. Мәдениет — халықтың рухын көтеріп, екі ел арасындағы рухани-мәдени ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге қабілетті жұмсақ күш, — деді ол.

Еске ала кетсек, 23 қыркүйекте Қырғызстан астанасындағы «Ала Арча» мемлекеттік резиденциясында Орталық Азия мемлекеттерінің ІІІ Парламентаралық форумы өтті