Іс-шараның ресми ашылуында Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрлігі жанындағы Кинематография департаментінің директоры Талантбек Толобеков Бішкектегі тарихы терең, ең көне кинотеатрлардың бірінде Қазақстан киносы күндерін өткізу Қырғызстан үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.
— Екі елдің кинематографиясы туралы шексіз айтуға болады. Бұл – ондаған жыл бойы жалғасып келе жатқан берік байланыс. Біздің тамырымыз терең, дәстүріміз берік. Қырғызстан тәуелсіздік алған кезде елдегі алғашқы продюсерлер қазақстандық әріптестер болды, сонымен қатар қырғыз режиссерлері Қазақстанда жұмыс істей бастады. Әлемдік кинематография тарихына енген көптеген бірлескен жобаларымыз пайда болды. Бүгін Қазақстан киносы күндерінің ашылуында көрсетіліп отырған фильм 2026 жылғы Бішкек кинофестивалі бағдарламаларының бірінің жеңімпазы атанды. Халықаралық және Орталық Азия қазылар алқасы қазақстандық киноның жоғары деңгейін және әріптестеріміздің кәсіби шеберлігін атап өтті, — деді Талантбек Толобеков.
Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Асхат Сыздықов құттықтау сөзінде қонақтарға қатысқаны үшін алғыс білдіріп, кинематография арқылы мәдени алмасуды дамыту Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Қазақфильм» ұлттық киностудиясы» акционерлік қоғамының Киноөндіріс және дубляж бөлімінің бас маманы Ботагөз Аймамбетованың айтуынша, Бішкекте Қазақстан киносы күндерін өткізудегі мақсат – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өнер және мәдени мұра саласындағы тәжірибе алмасу, сондай-ақ екі елдің киноиндустриясымен таныстыру.
Іс-шараның ашылуында фантастика элементтері бар «Qaitadan» фильмі көрсетілді. Толықметражды картинаның режиссері – Думан Еркімбек. Бұл – Қазақстан кинематографиясы тарихындағы апаттар жанрындағы алғашқы туынды.
Фильмде ата-анасымен жанжалдасқаннан кейін әжесінің ауылына барған қалалық жасөспірім Рауанның оқиғасы баяндалады. Сол жерде ол уақыт ілмегіне түседі: бір күн қайта-қайта қайталана береді, ал оқиға бөгеттің жойқын бұзылуымен аяқталады. Апаттың алдын алып, жақындарын құтқаруға тырысқан кейіпкер ішкі өзгерістен өтіп, өмірге деген көзқарасын қайта қарастырады.
Фильм Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Фильм 2025 жылғы қыркүйекте кең прокатқа шықты.
Нуболот есімді жас көрермен фильмді тамашалағаннан кейінгі әсерімен бөлісті.
— Маған фильм өте ұнады. Басында оқиғаның үнемі қайталана беруіне байланысты фильмді түсіну қиын болды. Шешімі өте керемет болды. Жағымды эмоцияға бөлендім. Фильмнің берілуі мен актерлердің ойыны жоғары деңгейде, — деді ол.
Канышай есімді қала тұрғынының пікірінше, бүгінгі көрсетілім көрерменді басынан аяғына дейін ерекше әсерде ұстады. Фильмді тамашалау барысында залдағы көрермендер күлкіден көз жасына дейін түрлі эмоцияны бастан өткерді.
— Жігіттің бәрін құтқарып қалған фильмнің жақсы аяқталғанына қуандық. Түсірілім тобына алғысымызды білдіреміз. Керемет шыққан, — деді ол.
Қазақстан киносы күндері 29–30 қыркүйекте «Алтын адам» толықметражды анимациялық фильмі мен «Жабайы» отбасылық фильмін тегін көрсетумен жалғасады.
2026 жылғы мамырда Бішкектегі Ғапар Айтиев атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері музейінде қазақстандық суретшілер Үміралы Исмаилов пен Мәжит Байтеновтің «Ұлы дала аңыздары» атты картиналар көрмесі өткен болатын.