Бішкекте вагонда тұратын адамдардың өмірі туралы көрме ашылады

Бүгін Бішкекте  «Уақытша аялдама» фотокөрмесі басталады, ол кәдімгі вагонда ұйымдастырылады. Каzinform бұл туралы Кабар агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: kabar.kg

Вагон Абдылас Малдыбаев атындағы қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театрының алдына орналасқан. Жоба авторы Анна Карамурзинаның идеясына сәйкес, келушілер мұндай үйде тұратын адамдар өмірінің атмосферасына енуі үшін оның ішіне тұрмыстық заттар, кітаптар және фотосуреттер қойылған.

Анна Қырғызстанның әртүрлі аймақтарын аралап, вагонда тұратын қырғызстандықтардың өмір салтын зерттеген.

Соңғы он жыл бойы осы зерттеумен айналысқан ол вагондардағы қырғызстандықтардың тұрмыс-тіршілігін, түсірілген фотосуреттерін жұртшылық назарына ұсынуды армандады.

Вагондар барлық жерде уақытша тұрғын үй, қонақүй, саяжай, асхана, техникалық қызмет көрсету станциялары немесе кітапхана ретінде пайдаланылады. Оларды елдің әр түкпірінен, жолдың бойынан немесе коммуникациядан алшақ таулы аймақтардан кездестіруге болады.

Сондай-ақ Анна Карамурзина электр жарығы жоқ шалғай аймақтарда адамдар шамдарды немесе телефонды қуаттау үшін күн батареяларын пайдаланғанды жөн санайтынын анықтады.

«Жапан даладағы вагондарды көргенде, онда тұратын адамдардың бұл жерге қалай келгенін білу маған қызық. Мен мұндай вагондарды 2013 жылдан бері суретке түсіріп келемін. Әр түсірген сайын жаңа орындар, жаңа пейзаж, жаңа өмір салтын кездестіремін. Өз жобамда керемет табиғат аясында, жазық далада және қоғамнан алшақ тіршілік етіп жатқан адамдардың елеусіз тіршілігіне көпшіліктің назарын аударғым келеді», - деді жоба авторы.