Бішкектегі ұшақ апаты: әуе компаниясы лицензиясынан айырылды

АСТАНА.KAZINFORM - 7 шілдеде Бішкек-Ош рейсін орындайтын Tez Jet ұшағы «Манас» халықаралық әуежайында төтенше жағдайға тап болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі тілшісі.

Фото: «Қырғызстан әуежайлары» АҚ

Қырғызстан әуежайларының мәліметінше, оқиғадан кейін Қырғызстан Республикасының Мемлекеттік азаматтық авиация агенттігі оқиғаның мән-жайын ресми тергеуді бастады. Сонымен қатар Tez Jet жұмысына жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

- Тексеру барысында ұшу қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін Қырғызстан авиация заңнамасының елеулі бұзушылықтары анықталды. Осы бұзушылықтардың негізінде Мемлекеттік азаматтық авиация агенттігі Tez Jet лицензиясын қайтарып алу туралы шешім қабылдады, - делінген мәлімдемеде.

Бұған дейін «Манас» әуежайында TezJet ұшағы апатқа ұшырағанын хабарлаған едік.

Бортта 181 жолаушы және алты экипаж мүшесі болған. Зардап шеккендер жоқ.

Кейін Қырғызстан билігі «Манас» әуежайындағы апатқа қатысты түсінік берді.