«БТА Банк» АҚ Директорлар кеңесі акционерлердің кезектен тыс жиналысын өткізеді
Ол борыштық міндеттемелерін қайта құрылымдауға бастамашы болу және кредиторлармен ымыралы уағдаластыққа қол жеткізу мәселесі бойынша өтеді. Осыған орай бүгін ҚР Ұлттық банкі арнайы баспасөз мәлімдемесін таратты.
БТА Банктің борыштық міндеттемелерінің бір бөлігін қайта құрылымдау стандартты банк қызметін жүзеге асыруға әсер етпейді деп күтілуде. Оның ішінде клиенттерге қызмет көрсету, кредиттер беру, депозиттер тарту және депозиттер бойынша төлемдерді жүзеге асыру мүмкіндігі сақталады. ХҚЕС сәйкес капитал тапшылығының өсуі, ағымдағы шығындарға әкеліп соқтыратын жұмыс істемейтін заемдар деңгейінің жоғары болуы, теріс пайыздық маржа, активтерді қайтару бойынша айтарлықтай шығыстар және Ұлттық банк репо операциялары шеңберінде беретін өтімділікке тәуелділік аясында қалыптасқан БТА банктің қазіргі қаржылық жағдайы активтер мен міндеттемелерді теңгерімдеу бойынша шараларды қабылдауын талап етеді. Қаржы институтының өзінің борыштық міндеттемелерінің бір бөлігін қайта құрылымдауға бастамашы болуы дұрыс ден қою шарасы болады. Ұлттық банк ондағы ахуалдың дамуын бақылап отыр. Оның ішінде кредиторлармен келіссөздер жүргізу және оларды 2012 жылдың бірінші жартысында табысты аяқтау мақсатында тиісті басқару органдарынан қажетті корпоративтік мақұлдаулар алу бойынша жағдай ерекше назарға алынған.