«БТА Банк» АҚ-ның басқа да қызметкерлеріне айып тағылды - Бас прокуратура

АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - М. Әбіләзовтың және басқа да айыптылардың жымқырған мүлкіне тыйым салынды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Наурыздың 6-ында М. Әбіләзовқа, Ж. Жәрімбетовке, В. Ефимоваға, Б. Кәрімовке мемлекетаралық іздеу жарияланғанын еске салып өткен ресми өкіл, «ал наурыздың 21-інде БТА Банк басқармасының бұрынғы төрағасы Р. Солодченкоға да іздеу салынды. Өйткені оның әрекеттерінен қаржыны талан-таражға салған фактілер анықталды», - деді. Сапарбек Нұрпейісовтің айтуынша, қазіргі кезде тергеу топтары 1 миллиард 287 миллион теңгеден астам қаржыға, сондай-ақ 1 миллион АҚШ долларынан астам жабдықтарға тыйым салған. Сонымен бірге VIP салонды үш ұшаққа, үш ғимарат, Алматы мен Алматы облысының шұрайлы аумақтарындағы 106 жер телімдеріне, 86 қымбат пәтерге, 67 жерасты паркингтеріне, 14 автокөлікке, Алматы орталығындағы 5 кеңселік ғимаратқа тыйым салынды. «Наурыздың 31-індегі жағдайға қарағанда, іздеу жарияланған күдіктілерден бөлек банктің басқа да қызметкерлері мен М. Әбіләзовтың заңсыз несие алу мақсатында құрған компания директорларының бірқатарына айып тағылды. Оның ішінде үшеуі қамауға алынды. Ал қалған айыптаушылар бүгінде тергеу амалдарын жүргізуші топпен ынтымақтасып, істегі негізгі айыптылардың қылмысты әрекеттерін әшкерелейтін дәйекті айғақтар беруде. Осыған орай олардан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Ал бой тасалап кеткен адамдарды іздестіріп, оларды ұстау бойынша тиісті шаралар жүргізіліп жатыр», - деді ресми өкіл. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізіліп жатқандығына тоқталған ресми өкіл, аталған қылмыстық іс ҚР Бас прокурорының тұрақты бақылауында екенін айтып өтті. С. Нұрпейісов бүгінде прокуратура органдары «БТА Банктің» мыңдаған салымшылары мен акционерлері мүддесіне зиян келтіретін заңсыз келісімшарттарды анықтау бағытында жұмыстар жүргізіп жатқандығын, сонымен бірге Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 4 талап арыз берілгенін атап өтті.