«БТА» банк Астанада адамдарға өз өздеріне қызмет көрсетуіне мүмкіндік беретін жаңа интерактивті аймағын ашты

None
АСТАНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін «БТА» банкі Астанадағы «Сарыарқа» сауда орталығында адамдарға өз өздеріне қызмет көрсетуіне мүмкіндік беретін жаңа интерактивті аймағын ашты.

«БТА» банкінің басқарма төрағасы Әнуар Сәйденовтың айтуынша, өзіне өзі қызмет көрсететін интерактивті аймақ Астанада және жалпы Қазақстан бойынша бірінші рет ашылып отыр. «Мұнда клиентке операцияларды өздігінен интерактивті режімде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін құрылғылар орнатылды. Бұл аймақты, 7-ші Қысқы Азия ойындарын ұйымдастырушылармен ықпалдаса отырып ашып отырмыз. Ол Азиада қонақтары мен елорда және оның қонақтарының ыңғайы үшін жұмыс істейтін болады деп сенеміз», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда алдағы уақытта интерактивті режімде несие алуға болатын жағдайлар жасалмақ. Әзірше, олар арқылы валюта айырбастауға; әртүрлі қызмет түрлерін төлеуге, оның ішінде коммуналдық, кабельді телеарна, сақтандыру компаниялары мен білім беру мекемелерінің оқу ақысын өтеуге сондай-ақ, салықтардың барлық түрлерін, «Эйр Астана» компаниясының авиабилеттерін төлеуге, банктік шотты толтыруға және несиені өтеуге болады. Сонымен қатар, әртүрлі ұялы телефондарға ақша лақтыруға және интернет банкингпен (банк клиенттері үшін) қолдануға болады. Құрылғылар аптасына жеті күн және 24 сағат бойы қол жетімді. Сондай-ақ, комиссиялық алымдар банктің бөлімшелеріне қарағанда 20 пайызға арзан.

«Өзіне өзі қызмет көрсетудің жаңа интерактивті аймағының ашылуы - Азия ойындарына жүргізіліп жатқан дайындық шараларының бірі. Бірнеше айдан кейін ойындар басталады. Қазақстанға 30-дан астам елден спортшылар, бапкерлер, Халықаралық Олимпиада комитеті мен Азия Олимпиадалық кеңесінің өкілдері, жанкүйерлер мен туристер келеді. Осы ретте, Азия ойындары Қазақстанның барлық салаларына, олардың ішінде қонақ үйлер, мейрамханалар кешендері, демалу орындары, көлік компанияларына баға беретін тағы бір кезең болмақ және банктік сектор бұл сынақтан шеткері қалмайды», - деп атап өтті 2011 жылғы Азия ойындарын ұйымдастыру комитеті Маркетинг, ақпараттық және имидждік қолдау департаментінің директорының орынбасары Әлібек Әйдын.

Ә.Айдынның айтуынша, жуырда «Сарыарқа» сауда ойын-сауық орталығында Азия ойындары туралы барлық ақпараттар орналастырылатын - ақпараттық павильон ашылады.