Бұл туралы ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлімдеді.
«Ол (Е. Тәтішев - автор) 16 сәуірде ұсталған болатын, алайда денсаулығына және басқа да жағдайларға байланысты ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді. Қазір оған тергеу органына келіп тіркеліп тұруы үшін арнайы кесте белгіленген. Қылмыстық істі тергеу жалғасуда», - деп атап өтті М. Жұманбай ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылдың желтоқсанында «БТА Банк» АҚ-ның қаражатын талан-таражға салуға байланысты қылмыстық істің 1770 томын одан әрі тергеу үшін Бас Прокуратура Қаржы полициясына тапсырған еді.
Бұдан бұрынырақта өткен брифинг барысында Мұрат Жұманбай тергеу-жедел тобы аталған қылмыстық істі тергеу кезінде Е. Тәтішевтің де қатыстылығын дәлелдегенін айтқан. Ал 16 сәуірде Е. Тәтішев ұсталып, Алматыдағы уақытша ұстау оқшаулағышына қамалған болатын.