БТА банк ісі: 40 миллион долларға - тауықтың сан еті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязовті 20 жылға бас бостандығынан айырды. Бұған қоса, оның мүлкі тәркіленіп, 300 АЕК көлемінде айыппұл салынды, үш жылға дейін банктерде кәсіби қызметпен шұғылдануына шектеу қойылды. Сондай-ақ, сот Әбілязовтің мүлкін: Алматыдағы үй-жайларын, Nissan маркалы автокөлігін және «БТА банкі» АҚ-дағы үш шотын мемлекет есебіне тәркілеуге қаулы шығарды. Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 3 сәуірінде басталған сотқа Мұхтар Әбілязовтің өзі келген жоқ, оның мүддесін мемлекет белгілеген қорғаушы Анжелика Әжіғұлова қорғады. Алғашқы отырыстан-ақ сотталушылар мен қорғаушылардың ешқайсысы қылмыстық істі бас фигуранттың қатысуынсыз қарауға қарсылық танытқан жоқ.

Тауықтың сан еті - 40 миллион доллар

М. Әбілязов пен оның сыбайластары «Тауықтың сан етіп сатып аламыз» деген желеумен БТА банктен 40 миллион АҚШ долларын қалай жымқырғаны сотта әшкереленді. 2008 жылдың шілде айында «Grove Services Inc» және «Daniels Tradekorp Inc» оффшорлық компаниялары арасында 50 мың тонна мұздатылған тауықтың сан етін жеткізуге келісім жасалады. Атап айтарлығы, банк аталған мәмілені жүзеге асыру үшін 40 миллион АҚШ долларына несиелік желіні іске қосады. Тауықтың сан етін жеткізу кестесі кездейсоқ таңдап алынбаған еді. БТА банктің басшылығы осы кестенің көмегімен екі компанияның арасындағы коммерциялық қарым-қатынасқа екпін түсіруді жоспарлаған.

Алайда, іс жүзінде «Daniels Tradekorp  Inc» компаниясының құрылтайшылық құжаттарын №6 коопоративтік бизнес басқармасының қызметкерлері дайындағаны мәлім болды. Өйткені осы бөлім ғана бір күндік іс-әрекет үшін құрылған компанияларды ашып, Мұхтар Әбіләзовке тікелей бағынышты болған. «Daniels Tradekorp Inc» компаниясының директоры Suseth Walthia Parris-пен арадағы келісім жасалған кезде оның өзі қатыспаған. Тіпті осындай адамның өмірде бар-жоқтығына да күмән бар. Бір анығы, несие беретін бөлімнің мүшелері де аталған компанияның басшылығымен ешқашан кездеспеген. Ал мәмілеге қажетті құжаттарды Әбіләзовтің сыбайластарынан алып отырған.

Храпунов-Әбілязовтің қылмыстық сұлбасы

Сотта Әбілязовтің Храпуновтар отбасынан сатып алған «Building Service Company» компаниясына 45 миллион АҚШ доллары көлемінде несие берілгені айтылды. 2003 жылдың қазан айында Ләйлә Храпунова «Building Service Company» компаниясындағы өзінің 100 пайыздық үлесін сатып, одан түскен қаражатты қызы Эльвираның атына Швейцариядағы банктердің бірінде ашылған шотқа аударады. Аталған компанияның іс жүзіндегі қожайыны Мұхтар Әбілязов болып шыға келеді.

Айта кетелік, Әбілязовтар мен Храпуновтар құда болған әулеттер: Ілияс Храпунов Мәдина Әбілязоваға үйленгені мәлім. Тергеудің мәліметтеріне қарасақ, осынау отбасылық мәміленің құны 2 миллиардтан астам теңгені құраған. Бірақ Мұхтар Әбілязов бұл шығынының орнын кейінерек артығымен толтырды. Арада біраз уақыт өткенде ол «Building Service Company» компаниясының қаражатын өзіне бағынышты басқа компанияларға бөледі. Өйткені, ол компаниялар да БТА банктен бірнеше миллиондаған несиелер алып, қайтармаған болатын. ол ақша банкке сол күйі қайтарылмады. Ал Әбілязов болса ұрланған миллиондар мен миллиардтарын заңдастырып, өзінің жеке басының қажеттіліктеріне жұмсады.