«БТА банк ісіне» нүкте қойылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязовті 20 жылға бас бостандығынан айырды.

Бұған қоса, оның мүлкі тәркіленіп, 300 АЕК көлемінде айыппұл салынды, үш жылға дейін банктерде кәсіби қызметпен шұғылдануына шектеу қойылды. Сондай-ақ, сот Әбілязовтің мүлкін: Алматыдағы үй-жайларын, Nissan маркалы автокөлігін және «БТА банкі» АҚ-дағы үш шотын мемлекет есебіне тәркілеуге қаулы шығарды. Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 3 сәуірінде басталған сотқа Мұхтар Әбілязовтің өзі келген жоқ, оның мүддесін мемлекет белгілеген қорғаушы Анжелика Әжіғұлова қорғады. Алғашқы отырыстан-ақ сотталушылар мен қорғаушылардың ешқайсысы қылмыстық істі бас фигуранттың қатысуынсыз қарауға қарсылық танытқан жоқ.

Банктің басқарма төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Жарымбетов пен бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмешке «жазасын жеңілдететін жағдайларға» байланысты 5 жыл шартты жаза кесілді. Себебі Жақсылық Жарымбетов сот отырысы басталған күні, ал Сәдуақас Мәмеш соттағы тараптардың сөз сайысының алдында тағылған айыптар бойынша өз кінәсін толық мойындады. Осы себептен прокурорлар Ж. Жарымбетов пен С. Мәмешке шартты жаза тағайындауды сұраған болатын. Сот екі сотталушыға да 300 АЕК көлемінде айыппұл салып, үш жылға дейін банк ұйымдарында кәсіби қызметпен шұғылдануына шектеу қойды. Жарымбетов пен Мәмештің мүлкіне салынған тыйым азаматтық шағым қанағаттандырылғанға дейін күшіне қалдырылды.

Ал БТА банктің несиелеу жөніндегі экс-директоры Қайрат Садықовты сот барлық тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырды. Оның да мүлкі тәркіленіп, 300 АЕК көлемінде айыппұл салынды және үш жылға дейін банк ұйымдарында кәсіби қызметпен шұғылдануына шектеу қойылды. Қ. Садықов сот отырысында өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартты. Сонымен қатар, сот «БТА банкі» АҚ-ның азаматтық шағымын қанағаттандырып, Әбілязов, Жарымбетов, Садықов және Мәмештен бірдей тәртіппен 151 миллиард 453 миллион 415 мың теңге өндіріп алуға қаулы шығарды. Сондай-ақ, қылмыстық қауымдастықтың іс-қимылдары нәтижесінде банкке келтірілген 2 триллион 992 миллиард 376 миллион теңге және 89 миллиард 771 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік баж салығы өндіріп алынады.

Қаржылық құйтырқылықтың ауқымды жоспары

Прокурорлар сотта М. Әбілязовтің ақша жымқырудағы қылмыстық жоспарының ауқымдылығын жариялады. М. Әбіләзов өзінің қылмыстық жоспарларын іске асыру үшін банктің капиталын жасанды жолмен өсіру және ірі көлемдегі инвестициялар мен салымдарды тарту үшін қылмыстық сызба жасайды. Бұл - сырттағы несие берушілердің коммерциялық және қаржылық құрылымдарға арналған ақшасын тартудың кәдімгі тәсілі, Алайда, бұл жағдайда банктің акцияларының жалпы бөлігін Әбіләзовтің өз компаниялары ҚР бақылаушы және қадағалаушы органдарынан құпия түрде қасақана сатып алған. Банктің капиталын жасанды жолмен өсірудің  (капиталды «сору» - автордың ескертуі) нәтижесінде несие берушілердің, салымшылардың және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуші органдардың банктің табыстылығына деген көзқарасы дұрыс қалыптасып отырған.