БТА банкі Шығыс Қазақстан облысындағы минералды мақта өндіретін зауытты қаржыландырды

None
АЛМАТЫ. Мамырдың 2-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - БТА банкі Шығыс Қазақстан облысындағы минералды мақта өндіретін зауытты қаржыландырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Жаңа зауыт Өскемен қаласының жанындағы Глубокое кентінде орналасқан. Ол жылына 30 миллион тонна минералды мақта мен минералды мақта өнімдерін өндіре алады. «Шығыс-Универсал» ЖШС-нің бұл жобасының жалпы құны 27, 5 миллион АҚШ долларын құрайды. Оның 17,5 миллионын БТА банкі бөлді. Бұл қаражат зауытты жаңартуға, құрал-жабдықтар сатып алуға, Қараөзек кен орнынан габбро-диабаз өндіру жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға арналған. Зауыт минералды мақтаны сапасы жоғары және экологиялық жағынан таза тау жыныстарын пайдаланып өндіреді. Тастан жасалған минералды мақта жылу мен дыбыс өткізбеуде, сондай-ақ өртке қарсы қорғаныста аса тиімді құрылыс материалдардың бірі болып табылады. Өзінің жылу өткізбейтін тиімділігі жағынан қалыңдығы 5 сантиметрлік минералды мақта қабаты 70 сантиметр кірпішпен пара-пар. Қазақстан аумағында баламасы жоқ бұл өнімдерге деген сұраныс бұған дейін 100 пайыз Ресейден келетін импорттың есебінен өтелетін.