БТА банкінің еншілес сақтандыру компанияларының бірігу үдерісінің кезекті кезеңі аяқталды

АЛМАТЫ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - БТА банктің екі еншілес компаниясы «БТА Забота» АҚ мен «Атланта-Полис» АҚ-ын «БТА Сақтандыру» АҚ-на қосу үдерісінің кезекті кезеңі аяқталды.

Бұған сәйкес екі компанияның барлық мүліктік құқықтары және кредиторлар мен борышкерлердің міндеттемелері «БТА Сақтандыру» АҚ-на берілді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «БТА Страхование» АҚ Басқарма төрағасы Сергей Лаврентьев айтты.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі кезде БТА банктің еншілес сақтандыру компанияларын біріктіру үдерісі жүргізіліп жатыр. Бұл аяқталған соң «БТА Забота» АҚ мен «Атланта-Полис» АҚ «БТА Сақтандыру» АҚ-на біріктірілмек.

Сергей Лаврентьевтің пайымдауынша, біріктіру үдерісі 2011 жылдың басында аяқталады. "Үш сақтандыру ұйымын біріктіру сақтандыру саласында сапалы қызметті ұсыну мен қызмет түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бір бренд аясында жұмыс жасауды көздейміз",- дейді С. Лаврентьев.