БТА банкінің тығырықтан шығар жолын байқай алмай отырмыз - Халық банкінің Басқарма төрайымы
Халық банкінің Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова бүгін Алматыда 2011 жылғы біріктірілген қаржылық нәтижелерді жариялау кезінде осындай пікір білдірді.
«ТұранӘлем банкінде біз 2009 жылғы жағдайға қайта оралдық. 4 жылға аяқ басса да ондағы ахуал өзгерген жоқ. Қазір олар ағымдағы міндеттемелерін қайта құрылымдауға тырысуда. Алайда тығырықтан шығар жолды көріп отырған жоқпыз», - дейді Ү. Шаяхметова. Оның пайымдауымша, БТА банкінің қарызды қайта құрылымдаудағы алғашқы әрекет тиімсіз болды. Әрине ол кезде банкті қолдау қажет еді. БТА банк еліміздегі ірі қаржы институттарының бірі болатын. Оның банк секторындағы үлесі 15 пайызды құрайтын. Ал қазір банк секторындағы ахуал мүлдем басқа. Алайда тағы сол әдіспен шешуге тырысуда. Ол салық төлеушілердің, не сыртқы инвесторлардың есебінен жасалатыны әлі белгісіз.