«2001 жылы 31 қаңтарда Жарымбетов (БТА банктің басқарма төрағасының орынбасары - несие беру комитетінің төрағасы) мені өз үйіне шақырып, банктен жұмыстан кетуіме үгіттеді. Ол сондай-ақ елден тездетіп кетуді ұсынды. Өз ұсынысын ол банкке мемлекеттің кіруімен және өзінің қызметтен шеттетілуімен, сондай-ақ, өзінің және басқа да қызметкерлердің тұтқындалу мүмкін екендігімен түсіндірді. Атап айтарлығы, ол кезде менің елден кету керек деген ойым болған жоқ»,- деді сотталушы.
Ол өз қызметін номиналды түрде атқарғанын мәлім етті. Барлық жағдайда тек басшылықтың нұсқауын орындағанын айтты.
«2 ақпанда мен Бішкекке кеттім. 3 ақпанда Жақсылық Жарымбетовпен бірге Мәскеуге аттандық. Ол жерде 2009 жылдың 19 наурызына дейін болдық. Мәскеуде жүргенде Ж. Жарымбетов маған банктің басқа қызметкерлерімен кездесіп, бірлесіп әрекет етуді ұсынды»,- деді Қайрат Садықов.
Сотталушы өз сөзінде одан әріде банктің қашқын қызметкерлеріне нақты нұсқаулар беріліп отырғанын айтты.
«Банктің бұрынғы жетекшілері мен қазақстандық адвокаттар егер біз Қазақстанға қайтап оралатын болсақ, түрмеге қамалатынымызды ұзақ уақытқа сотталатынымызды айтумен болды. Сол адвокаттар Мәскеуде қалуымыздың да қауіпті екенін ескертіп, сол себептен Украинаға кетуге кеңес берді»,- деді ол.
Көп ұзамай 2009 жылы 20 наурызда ол Киевке барады. Сол қалада 2016 жылы 9 маусымға дейін, яғни, Қазақстанға оралғанша тұрыпты.
«Банктің бұрынғы басшылығы маған 2011 жылдың желтоқсан айына дейін материалдық көмек көрсетіп отырды»,- деді сотталушы. Шындығына келгенде 2009 жылғы оқиғалардан кейін Қ. Садықов басқа қашқындармен қатар БТА банктен 10 мың АҚШ доллары көлемінде ай сайын жалақы алып тұрған. Оған қоса, банк қашқындардың тұрғын үйлерінің жалдау ақысын да төлеп отырған. Мұхтар Әбіләзовке мұндай шешімді қабылдауға Мұратбек Кетебаевтың ұсынысы себеп болыпты. Айтарлығы, 2012 жылға дейін қашқын қызметкерлеріне ақша төлеген Мұхтар Әбіләзов «олар өзінің миссиясын атқарды» деп ұйғарым жасап, ақша төлеуді тоқтатқан.
Айта кетелік, сотталушылар орындығында үш адам отыр: олар БТА банктің бұрынғы басқарма төрағасы Садуақас Мәмеш, басқарма төрағасының бірінші орынбасары - несие беру комитетінің төрағасы Жақсылық Жарымбетов, несие беру жөніндегі директор Қайрат Садықов. Мұхтар Әбіләзовтің өзі сотқа келген жоқ. Оның мүддесін сотта мемлекеттік қорғаушы Анжелика Әжіғұлова қорғайды.
Ағымдағы жылдың 3-інші сәуірінде басталған басты сот отырысына Алматы қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Мартбек Кәкімжанов төрағалық етуде. Сот отырыстарына үш мемлекеттік айыптаушы, сотталушылардың қорғаушылары және БТА банкінің өкілі қатысуда. Қылмыстық істің жалпы көлемі 2 224 томнан тұрады. Айыптаушылар тізімінде 200-ден астам куәгерлер бар.