«Қазақстандық әскерилердің жарақат алуы немесе опат болуы жағдайында отбасы мүшелеріне төленетін қаражат Қазақстан Республикасының сәйкесінше заңнамасына бекітілген. Қазіргі таңда ең ауыр жағдай, яғни, әскери қызметкер опат болған жағдайда төленетін қаражат 60 айлық жалақы мөлшерін құрайды. Сондай-ақ, БҰҰ-ның басшылыққа алатын құжаттарында осындай жағдай орын алған жағдайда төленетін сома 77 (жетпіс жеті) мың АҚШ долларын құрайды», - деп жазылған жауапта.
Ал жарақат алғаны үші өтемақы денсаулыққа келген зақымның деңгейіне байланысты құбылады.
«Бұл жағдайда алынған жарақаттың күрделігіне және мүгедектіктің деңгейіне қарай Қазақстан Республикасының заңнамасында әскери қызметшінің жарты айлық жалақыдан алпыс айлық жалақыға дейін төленеді. Бұл қаражат заңнамаға сәйкес бюджеттен төленеді. Сондай-ақ, БҰҰ-ның төлемдері де қарастырылған», - деп жазады министрліктегілер.
Бұған дейін бітімгерлік миссиямен Таяу Шығыстың Голан жотасына баратын әскерилер екі жерден айлық алатынын жазған едік.
Еске салайық, 19 қаңтар күні Парламент қазақстандық әскерилердің БҰҰ миссияларына қатысу туралы Жолдауын мақұлдады.
Аталған ұсыныс бойынша, Қазақстанның тұңғыш дербес бітімгерлік контингенті мына нысандарға:
• Бірінші — Голан жотасында бөліну процестерін бақылау күштеріне;
• Екінші — бітімге келу шарттарының орындалуын байқау органына;
• Үшінші — Оңтүстік Судан Республикасындағы миссияға;
• Төртінші — әуедегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету уақытша күштеріне қатысу үшін жалпы саны 430 адамнан аспайтын контингентті жіберу көзделіп отыр.