Бублик Еуропадағы тағы бір жарыста бақ сынайды
АСТАНА. KAZINFORM — 21-27 шілдеде Кицбюэльде (Аустрия) топырақ төсенішінде өтетін ATP 250 турнирінің жеребесі тартылды.
Қазақстанның көшбасшы теннисшісі Александр Бублик аталмыш жарыста 1-ракетка болып тіркелген.
Доданы екінші айналымнан бастайтын Бублик әлемнің 115-ракеткасы, португалиялық Жайме Фария немесе рейтингіде одан үш саты төмен тұрған аргентиналық Тьяго Агустин Тирантенің қай жеңгенімен кездеседі.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 101-ракеткасы Александр Шевченко алғашқы айналымда рейтингіде 122-орындағы колумбиялық Даниэль-Элай Галанмен шеберлік байқасады.
Егер қазақстандық теннисшілер ширек финалға шықса, өзара сынға түседі.
Бүгін Гштаадта (Швейцария) мәресіне жеткен додада А.Бублик спорттық жолында алғаш рет топырақ төсенішіндегі турнирде чемпион болды. Осы жарыстың екінші айналымында А.Бублик отандасы А.Шевченконы 6:2, 6:3 есебімен қиналмай жеңген еді.
Қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 30-орынға көтеріліп тұрған Бублик Аустрияда сәтті ойнаса, көрсеткішін жақсарта алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің алғаш рет топырақ төсенішіндегі турнирде топ жарғанын жазған едік.
Сондай-ақ Вашингтон турнирінде Бейбіт Жұқаев іріктеу сайысының финалына шықты.