Бұдан былай Дуров Франциядан еркін шыға алады

Фото: news.ru

АСТАНА. KAZINFORM — Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровқа Франция аумағынан шығуға салынған шектеу алынды, енді ол француз полиция бөліміне тұрақты түрде барып белгіленіп тұруға міндетті емес, деп хабарлайды ТАСС.

ТАСС-тың мәліметінше, Павел Дуров Франция билігінен оған қатысты елден шығу еркіндігін шектеген сот бақылау шараларын алып тастауды сұрап, мақсатына жетті. Енді кәсіпкерге елден шығуға тыйым салынбайды және ол полицияда белгіленіп тұру міндетінен босатылды.

Бұл шешім 10 қарашада қабылданған.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың 24 тамызында Павел Дуров Париждің Ле-Бурже әуежайында ұсталған болатын. Оған тағылған айыптардың бірі — қылмыстық топ құрамында заңсыз қаржы операцияларын жүргізу мақсатында интернет платформаны басқаруға қатысқан деген күдік.

Париж прокуратурасының мәліметінше, мұндай құқықбұзушылық үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 500 мың еуро көлемінде айыппұл салу жазасы қарастырылған.

Тергеу судьясының шешімімен кәсіпкерге 5 миллион еуро кепіл қою және аптасына екі рет полицияға келіп белгіленіп тұру талабы жүктелген. Сондай-ақ Франция аумағынан шығуға тыйым салынған болатын.

Бұған дейін Павел Дуров өзінің ұсталуын француз полициясының қатесі деп атаған еді.

Еске салсақ, қазан айында Digital Bridge 2025 халықаралық форумының алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровпен кездесті.

Digital Bridge форумында Павел Дуров Қазақстанда ЖИ-зертханасы ашылғанын хабарлады.

Сонымен қоса Павел Дуров Астанада стартапшылар байқауында қазылық етті.