Бұдан он бес жыл бұрын тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқандардың бірі шыңғырлаулық Р.Қаймулдиев еді

None
РАЛ. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бұдан тура он бес жыл бұрын, 1995 жылғы сәуірдің 7-сінде тәжік-ауған шекарасында Қазақстан ішкі әскерінің он жеті жауынгері ерлікпен қаза тапқан болатын.

Соның бірі шыңғырлаулық сержант Радик Қаймулдиев еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сол кезде рота командирі болған Ерлан Алданазаровтың еске алуына қарағанда, сәуірдің 6-сында қазақстандық құрамадан ротаны Пшихвар шатқалындағы шекара бөлігін күзету орындарына апару жөнінде бұйрық түскен. Түнде қару-жарақты тиеп қойған бұлар (жүздеген жауынгер) ертеңіне алты машинамен аттанады. Қазақстандықтармен бірге ресейлік шекарашылар да болды. Таудың тар жолына бір машина әрең сыяды. Бір жағы тік жартас, екінші жағы құз. Төменде Пяндж өзені. Сәл мүлт кетсең, біттім дей бер. Сол күні ауа райы да өте қолайсыз болған. Себелеп жауған жаңбыр жолды қиындата түскен. Шатқалға кіріп, орналасар орынды көздеген кезде түс те болып қалып еді. Міне, осындай ұрымтал сәтті аңдып, жол тосқан моджахедтер аяқ астынан оқ жаудырды. Бәрі қасқағым уақытта болды. Жау гранатометінің оғынан көш басындағы бронетранспортер отқа оранса, іле-шала қуатты радиостансысы бар командалық-штабтық машина істен шықты. Тосқауылға тап болған автомашина колоннасы қақпаннан құтыла алмады. Шекарашыларға сол жерде ұрысқа кірісуге тура келді. Старшина Қалмақан Бақбаев, сержант Радик Қаймулдиев, кіші сержант Әлихан Өгізбаев, қатардағы жауынгерлер Қанат Едырышов, Ербол Исабаевтар соңғы оғы қалғанша атысты. Олардың бәрі де қаза тапқаннан кейін екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Барлығы он жеті қазақстандық жауынгер көз жұмса, отыздан астамы түрлі жарақат алды. Содан бері он бес жыл уақыт өтсе де, ел қорғаған ерлердің есімі ұмытылмақ емес. Атап айтсақ, Ержан Әбдиев, Ержан Байбағысов, Еркін Байғабылов, Қалмақан Бақбаев, Ербол Бекебаев, Бауыржан Далабаев, Жақсылық Жансүгіров, Имомаддин Жұматов, Қанат Едырышов, Ербол Исабаев, Радик Қаймулдиев, Михаил Мартыненко, Еркебұлан Мақажанов, Анатолий Мешков, Дастан Нұрметов, Әлихан Өгізбаев, Тахир Рахымжановтардың қай-қайсысы да құрметке лайық. Олармен қызметтес болған доғарыстағы майор Владимир Петров қыршын кеткен ерлерге арнап баллада да жазыпты.

Шыңғырлау аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Мейрам Шотановтың айтуынша, қазіргі кезде Шыңғырлау ауылында Радик Қаймулдиевтің өзі тұрған көше оның есімімен аталады. Әкесі Бақтыгерей ұлының атын қастер тұтса, інісі Эдик ағасының жолын қуып, Шыңғырлау шекара заставасында абыроймен қызмет етіп жүр.