Аталмыш рәсімге Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Мәдениет және спорт минитрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, Қазақстан Республикасының Мажарстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Нұрбах Рүстемов, сондай-ақ, халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қырғызстан мен Башқұртстан делегациясының өкілдері қатысты.
Мажарстандағы Абай ескерткіші Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен 2014 жылдың маусым айында Будапешттің беделді аудандарының бірінде орнатылған.
Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің айтуынша, Ұлы Абайдың ескерткіші - күллі түркі әлеміне ортақ. Өйткені Абай - түркі гуманитарлық ойының мұрасы. Бүгінде оның еңбектерін Еуропа оқи бастады, демек келешекте қазақ ағартушысының шығармаларының арқасында әлем басқа да түрік халықтарының әдебиетін - «Манас» эпосын, Ахмет-Зәки Валидидің және басқа да көптеген авторлардың туындыларымен танысады.
Мажарстандағы ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі Нұрбах Рүстемов келген қонақтарға ескерткіштің орнатылу тарихын әңгімелеп берді. 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысы Мажарстанға танымал жерлестерінің мүсінін жіберу миссиясын өз мойнына алған. Мүсін қоладан жасалды. Биіктігі - 1077 мм, ені - 900 мм, тереңдігі 590 мм-ді құрады.
Абай ескерткішіне гүл қою рәсімі аяқталғаннан кейін «Тұран» түркі халықтарының халықаралық құрылтайына қатысушыларды Мажарстан Республикасының парламенті қабылдады. Онда Мажарстанның халықтық жиынының вице-спикері Шандор Лежак сөз сөйлеп, халықтарды біріктіріп, мәдени-гуманитарлық байланыс орнатуға мүмкіндік беретін аталмыш шараның маңыздылығын атап өтті.
Одан бөлек, «Тұран» түркі халықтарының халықаралық құрылтайын ұйымдастырушылар - антрополог Андраш Биро, Қуатжан Уәлиев, Дархан Қыдырәлі және басқа да ресми тұлғалар сөз алып, қонақтарға қошемет көрсетті.
Кездесу соңында Мажарстан халықтық жиынының вице-спикері Шандор Лежак Түркі академиясының алтын медалімен марапатталды.