Будапештте Қазақстан-Мажарстан бизнес-форумы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпаратт - Биыл 5-6 наурызда Будапештте Қазақстан-Мажарстан бизнес-форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2014 жылдан бері Мажарстанның сыртқы саяси ведомствосы да инвестиция тарту және сыртқы нарықтарда экспортты ілгерілету шараларымен айналысуда. Қазақстан экономикасына мажар инвестициясын тарту мәселелері пысықталды, сондай-ақ осы елдегі сыртқы экономикалық және Сыртқы істер министрлігінің тәжірибесі зерделенді. Осы орайда биыл 14-15 қаңтарда «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев бастаған Қазақстан делегациясы Будапештке сапарлады», - деді Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрбах Рүстемов.

Сапар нәтижесінде биыл 5-6 наурызда Будапештте бизнес-форум өткізу уағдаластығы жасалды. Форумда Қазақстанда нақты инвестициялық жобаларды іске асыру бағыты талқыланады.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ мажар тарапына 100-ге тарта бизнес-жобаны ұсынды. Қазіргі кезде аталған елде осы жобалар тыңғылықты зерттеліп жатыр», - деді елші.

Бүгінде Қазақстанда мажар капиталының үлесімен 50-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Бұл тұрғыда қазақстандық-мажарлық іскерлік кеңес құрылып, тиісті келісімдік-құқықтық база қалыптастырылды.